Қырғыз Республикасы биыл суару маусымында Қазақстанға 600 миллион текше метрден астам су жібереді.
Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлап отыр.
Суару маусымы басталған сәуір айының өзінде-ақ 45 миллион текше метр су берілді.
Сәуір айының соңынан бастап Қырғыз Республикасы Қазақстанға Талас өзені арқылы тағы 400 миллион және Шу өзені арқылы 180 миллион текше метр су жібереді, — деп жазылған хабарламада.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Қырғыз Республикасының министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаев Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдарын пайдалану жөніндегі қазақ-қырғыз комиссиясының 35-ші отырысында осы жөнінде келісімге келді.