Басты бет Жаңалықтар Мемлекет басшысы тіл мәселесі арқылы алауыздық туғызатындарға ескерту жасады

Мемлекет басшысы тіл мәселесі арқылы алауыздық туғызатындарға ескерту жасады

Фото: Ақорда
Қазақстан президенті тіл мәселесімен арандатушылық жасайтындарға ескерту жасады.

Қазақстан ассамблеясының бүгінгі отырысында мемлекет басшысы мектеп түлектерінің 80 пайызға жуығы ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырып жүргенін еске салды. Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70-тен астамы қазақ тілінде оқиды. Соған қарамастан, тіл мәселесімен араңдатушылық жасайтындар азаятын емес.

Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз, — деді президент.

Осы орайда президент халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылатынын тағы бір мәрте ескертті.

Мемлекет басшысы олар тиісті жазасын алатынын айтты. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады.

Exit mobile version