23 сәуір – Ұлттық кітап күні. Бұл күн – кітаптың адамзат мәдениетіндегі орны мен тұлға қалыптастырудағы маңызын дәріптейтін ерекше мереке. Қазіргі цифрлық заманда да кітап оқу – терең ойдың, рухани байлықтың, жан тыныштығының сарқылмас қайнар көзі ретінде өз маңызын жойған жоқ.
Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы Ұлттық кітап күніне орай жастарға арналған шара ұйымдастырды. Шара барысында Ұлттық кітапханаға экскурсия жасалып, жастар өздерінің сүйікті кітаптары туралы пікірлерін жеткізді.
Цифрлық технологиялар дәуірінде өсіп келе жатқан жас буын үшін мұндай кездесулер терең мазмұнға толы кітап әлеміне бойлаудың бірегей мүмкіндік сыйлайды.
Кітапхана – шабыт пен ой кеңістігі
Волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімінің маманы Айзат Әбиболлақызы бүгінгі шараның мақсаты мен маңызы туралы айтып берді.
Ұлттық кітап күні қарсаңында біз кітапханаға экскурсия өткізіп, жастардың кітапқа деген көзқарастарын бейнеролик арқылы көрсетуді жөн көрдік. Біздің мақсатымыз – кітап оқудың қазіргі жастар өмірінде маңызды екенін көрсету. Мұндай шаралар шабыт береді, біріктіреді және оқудың тұлға қалыптастырудағы рөлін еске салады. Кітапхана – тек кітап сақталатын орын емес. Бұл – ой мен диалогтың, шабыттың кеңістігі. Біз кітаптардың әлі де өзекті екенін және олармен бөлісу, талқылау арқылы қызықты болатынын көрсеткіміз келді. Бейнероликте жастар өздерінің сүйікті кітаптары туралы ойымен бөлісті. Бұл еркін әрі шынайы қарым-қатынас арқылы олардың нені оқитынын, не нәрсе шабыттандыратынын білдік. Біз олардың шынайы қызығушылығын, эмоциялық әсерін, терең ойларын көрдік – бұл кітаптың жаңа буын жүрегінде өмір сүріп жатқанын дәлелдейді. Бүгінгі жастар тек кітап оқуға ынталы ғана емес, олар – білімді, ойлы, пікірін ашық жеткізе алатын тұлғалар. Бұл олардың ішкі мәдениетінің жоғары екенін көрсетеді және оқудың болашағы бар екеніне сенім береді, — дейді ұйымдастырушы.
«Кітап оқу – сәнге айналуы тиіс»
Шараға қатысқан жастар кітапхана атмосферасының ерекше әсер еткенін айтады. Олар гаджеттен көз алмайтын заманда кітапханада жүріп, кітаптың иісін сезініп, қолмен ұстап көрудің жөні бөлек екенін атап өтті.
Біз цифрлық форматқа – смартфондарға, әлеуметтік желілерге, қысқа бейнелерге үйреніп кеткенбіз. Бірақ дәл осындай кездесулер бізге тоқтап, ойға шомылып, терең мағыналы мәтіндерге ену қаншалықты маңызды екенін еске салады. Бұл мәтіндер адамды ойлантып, сезінуге, толғануға итермелейді. Экскурсия барысында біз тек кітапхананың тарихымен және қорымен танысып қана қоймай, үлкен әдеби қауымдастықтың бір мүшесі екенімізді сезіндік. Бізді тек тыңдап қоймай, шынайы қызығушылық танытқаны қуантты. Біз бүгінгі таңда кітап оқыған адамның трендте екенін айтамыз. Бұл – қызықты сұхбаттасып, пікір алмасу қабілетіне ие болу, кең көзқарасты болу деген сөз, — дейді Ақпараттық жүйелер мамандығының студенті Қайрат Мақсатұлы.
Кітап – рухани даму кепілі
Ұлттық кітап күні биылдан бастап ресми түрде атап өтіле бастады. Оның басты мақсаты – кітаптың рухани, мәдени маңызын насихаттау және кітап оқуды қоғамда, әсіресе жастар арасында кеңінен дәріптеу.