Басты бет Жаңалықтар Ольга Спирина: Қазақстан халқы ассамблеясын өзге елдерге үлгі етіп көрсетеді

Ольга Спирина: Қазақстан халқы ассамблеясын өзге елдерге үлгі етіп көрсетеді

Ольга Спирина. Фото жеке архивінен алынды
Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Тележүргізуші Ольга Спирина — ассамблея мүшесі. Қазір «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасында істейді. Ольга ханым еліміздегі алғашқы қазақша спикиң клабтың да негізін қалаған. Ассамблея мүшесінен бұл ұйым ел үшін қаншалық маңызды екенін және мемлекеттік тіл — қазақ тілін үйреніп жүрген өзге ұлты өкілдері туралы сұрап, білдік.

«Өзімді бұрыннан ассамблея мүшесіндей сезінемін»

Қазақстан халқы ассамблеясын өзге елдерге үлгі етіп көрсетеді. Бұл ұйымның жалпы ұлттық бірлікті нығайтуға қосып жатқан үлесі зор болып тұр. Ассамблея моделі мен жұмыс істеу әдісі бүкіл әлемге үлгі. Мұны «Қазақстанда қолданылатын модель» деп те айтады. Ассамблеяның мүшесі деген статусты 2023 жылы алғаныммен, оған дейін ұйымның жобаларында жұмыс істеп жүрдім. Сондықтан өзімді бұрыннан ұйымның мүшесіндей сезінемін.

Ассамблеяның сессияларында жұмыс істедім. Ұйымның құрылғанына 20 жыл толғанда «Менің Қазақстаным» деген пойыз бүкіл республиканы аралап, сол пойыздың мүшесі болдым.

Жақында ұйымның жыл сайынғы сессиясы өтпек. Жылына бір рет Астанада өтеді. Бұл отырысда мемлекет басшысы алдағы жылы ассамблеяның жұмыс бағыты қандай болатынын, не нәрсеге басымдық беру қажет екенін айқындап береді. Былтырғы сессияға қатыса алмап едім. Биыл, міне, сессияға қатысу үшін сәбиімді алып, Алматыдан Астанаға ұшып келіп отырмын.

Ольга қалай қазақша сөйлейтін журналиске айналды?

Өзім Алматыда туып-өскем. Қазақшаға жетік екенімді көргендер мені Шымкент немесе Қзылыорда жақтың қызы деп ойлайды. Ел тәуелсіздік алған соң анам мені қазақша бала-бақшаға берді. Ол кезде қазақша бала-бақша тұрмақ, қазақша оқытатын мектеп те саусақпен санарлық еді. Анам үйіміздің қасындағы бала-бақшадан өз күшімен қазақша топ ашып, сол топқа мені қосты. Әкем де, анам да орысша сөйлейді. Дегенмен олар заман өзгергенін, енді қазақ тілі ел тілі болатынын сол кезде-ақ түсініп, мені қазақша білсін деген. Қай салада істесек те, мемлекеттік тілді білу міндетті. Ол дұрыс та.

Ольга Спирина
Ольга Спирина. Фото жеке архивінен алынды

Мектепті де қазақша бітірдім. Оқушы кезімде республикалық балалар мен жасөспірімдердің «Ұлан» газетінің жас тілшісі болдым. Түрлі оқу байқауларына қатыстым. Университетте басқа мамандықты оқығаныммен, түбі телеарнаға жұмысқа тұрып, тележүргізуші болдым.

«Қазақ тілі сәнге айналды»

Ольга ханым Алматыда алты-жеті жыл бұрын Қазақша спикиң клабтың негізін қалаған. Ол кезде қазақша клубтар жоқ еді, сондықтан бұл клубқа баратындар да күн сайын артып отырған. Клубқа қазақша сөйлейтін орта іздеп, тіл сындырғысы келетін түрлі сала өкілі баратын: кәсіпкерлер, мұғалімдер, банк қызметкерлері, студенттер, тағысын тағы. Олар жексенбі сайын антикафеде кездесіп, қазақша үйренетін.

Қазір ондай клбутар көбейді. Оның үстіне Ольга ханымның сәбиі болғандықтан, клубтың қызметі уақытша тоқтап тұр. Бұл клубтың оқу бағдарламасы түгел сақталған. Сондықтан Ольга ханымға келіп, бір реттік клуб өткізіп беруді сұрауға болады.

Негізі, қазақшаға жетік өзге ұлт өкілі көп. Солай болуы керек те, бұл таңғалатын нәрсе емес. Бұрын біз таңғалып жүруші едік қой. Бұрын менен «Тілді қайтсе дамытса болады?» деп сұрайтын. Бір ғана жауап айтатынмын: тілді сәнге, трендке айналдыру керек. Қазір қазақ тілі сәнге айналды. Бұған өнер адамдары, әсіресе, Димаш Құдайберген, Ninety One тобы сияқты әртістер көп үлес қосты. Олар шетелге танымал болып, қазақ тіліне өз еліміздегілермен қоса, әлем қызыға бастады.

Exit mobile version