Талдықорғандағы сот отырысында жәбірленуші тараптан жауап алынып жатыр. Шерзат Болаттың әкесі де сұрақтарға жауап берді.
Желіде Қаржаубай Нұрымовтың пышақ ұстап жүрген видеосы тараған еді. Осы видеоны көрген кей адам «Қаржаубай Нұрымовтың өзі бастаған екен ғой» деген жорамал да жасап үлгерген еді. Бүгінгі сотта ол бұл әрекетті не үшін істегенін түсіндірді.
Қорғану мақсатында қолыма пышақ алдым. Нұрбол Тоқтаубаев (Айыпталушы – ред) «Хуторскийміз» дегенде сескендік. Түсінбейді, төбелес тоқтамайды, бәрібір өзінікін жасап кетеді деген ой болды. Олар осы уақытқа дейін бірде-бір рет төбелесіп әңгімені шешкен емес, – деді Шерзат Болаттың әкесі.
Ол «Хутор» делінетін топтың балалары көршісін өлтіріп кеткенін де айтты.
Қаншама бала жарақат алған. Себебі, ауылдағы «Хутордың» балалары көршімізді солай пышақтап, атып өлтіріп кеткен. Мен сескеніп, өзімді қорғау мақсатында қолыма май кесетін пышақты алдым, – деді Қаржаубай Нұрымов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы облысының полиция департаменті өңірде «Хуторские» деген қылмыстық топ бар» деген ақпаратты жоққа шығарған.