Қазақстанның кино индсутриясы қалай дамып жатыр? Режиссерлар қандай болуы керек Оқырманға Taspafilms компаниясының режиссеры әрі продюсері Асхат Мұсабаймен сұхбатты ұсынамыз.
- Асхат, кино әлеміне қалай келдіңіз? Мансабыңыздың бастауында қандай жобалар ерекше орын алады?
Жолымды 2010-жылдары қысқаметражды бейнероликтер мен шағын жобалардан бастадым. Уақыт өте келе отандық телеарналарға арналған телесериалдарға көштім. Алғашқы ірі жобаларымның бірі – «Қария» (2017) деген әлеуметтік драма. Жоба қарттар үйіндегі тағдырлы адамдардың шын өмірін көрсетуге арналған. Туындыны «Хабар» телеарнасы тапсырысымен түсірілген. Бұл жоба шығармашылық бағытыма, яғни өмірге жақын, сезімге толы оқиғаларға бет бұруыма себеп болды.
Тағы бір маңызды жоба – «Мұздағы жалын» (2018). Бұл — Қазақстандағы алғашқы мәнерлеп сырғанау туралы телесериал. Сериалды мұз ареналарында түсірдік, кәсіби спортшылармен жұмыс істедік. Бұл мен үшін визуал режиссура тұрғысынан жаңа белес болды.
- Түрлі жанрда жұмыс істегенсіз: әлеуметтік драма, балалар сериалы, криминал уеб-сериал. Сценариді таңдағанда сізге не маңызды?
Ең алдымен оқиғаның шынайы болғаны маңызды. Оқиға көрерменмен сөйлесе алатындай болса, ол жобаға қуана кірісемін. Балаларға арналған жоба болса да, күрделі әлеуметтік тақырыпты қозғайтын сериал болса да, бастысы, кейіпкерлер тірі, оқиға маңызды болуы керек.

- Кейінгі бес жылдағы Қазақстандағы киноиндустрияның дамуын қалай бағалайсыз?
Қазір индустрия қызық кезеңде тұр. Бір жағынан, контент саны артып келеді – сериалдар, уеб-жобалар көбейді. Екінші жағынан, тың идеялары бар, өз үнін табуға ұмтылған автор көбейіп жатыр.
Өмірде маңызы бар мәселелер көтеріле бастады: ауыл мен қала айырмашылығы, әйел тағдыры, жастардың ішкі күйзелісі. Бұл – индустрия қалыптасып, тереңдей бастағанының белгісі.
- Бүгінде кино өндірісінің қандай кедергілері бар деп ойлайсыз?
Ең үлкен мәселе – жүйелі қолдаудың болмауы. Қаржыландыру көзі тұрақсыз, көбіне жекелеген арналар не продюсерлерге тәуелді. Көптеген талантты режиссер мен сценарист идесын іске асыра алмай жүр.
Тағы бір мәселе – дистрибуция жүйесінің әлсіздігі. Жақсы түсірілген сериалдар мен фильмдер кейде көрерменге жетпей қалады. Бізге кәсіби кадрлар, әсіресе сценарий жазатын, маркетиңмен айналысатын мамандар жетіспейді.
- Қазақстанның жобалары халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті бола ала ма?
Әрине, әлеует өте жоғары. Тарихымыз, табиғатымыз, менталитетіміз – бәрі ерекше. Бастысы – осы ерекшелікті дұрыс жеткізе білу. Халықаралық деңгейге шығу үшін копродукцияларға қатысып, әлемдік стандартпен жұмыс істеуді үйренуіміз керек.
Бүгінде Орталық Азия елдері, мысалы Өзбекстан мен Қырғызстан кино арқылы өзін танытып жатыр. Қазақстан да осы жолда келе жатыр, тек бағытты нақтылап алу керек, тұрақты стратегия қажет.
- Қазіргі әлемдік кино индустриясындағы қандай трендтер Қазақстанға әсер етіп жатыр?
Біріншіден, сериализация әсер етіп жатыр. Қазір ең мықты режиссерлер де сериал түсіріп жүр Өйткені бұл – кейіпкер мен оқиғаны тереңірек ашуға мүмкіндік беретін формат. Біз де Taspafilms компаниясында сериал форматтарына басымдық беріп отырмыз.
Екіншісі — жанрдың әртүрлі болуы. Қазіргі көрермен триллер, детектив, хоррор секілді жанрларды жақсы көреді, бірақ оларда әлеуметтік астар болса, әсері күшейе түседі. Мысалы, «Саған сендім» триллер стилінде түсірілгенімен, онда заманауи әлеуметтік проблема – интернет алаяқтық көрсетіледі.
Үшіншісі – локализация. Жергілікті оқиғалардың жаһандық мәні бола бастады. Көрермен бүкіл әлемде шынайы, ұлттық болмысы бар оқиғаларды көргісі келеді.
- Стримиң платформалары Қазақстан нарығына қалай әсер етіп жатыр?
Әзірге әсері шектеулі. Алайда YouTube пен TikTok секілді еркін платформалар қазірдің өзінде шығармашылық еркіндік беріп отыр. Мысалы, «Ағашка» деген уеб-сериалымызды YouTube арқылы шығардық. Оған көрермен қызығушылығы жоғары болды.
Болашақта отандық стримиң платформалар дамыса, бұл авторлық кино мен жас режиссерлерға үлкен мүмкіндік болмақ.
- Қазақстандағы киноның дамуы үшін не қажет деп ойлайсыз?
Жүйелі экожүйе қажет. Бірнеше талантты режиссер мен продюсер емес, ондаған, жүздеген белсенді команда болуы керек. Сценаристер, маркетологтар, дистрибьюторлар – бәрі бірге жұмыс істеуі керек.
Киноны тек мәдени жоба ретінде емес, елдің идеологиялық, экономикалық және имидждік құралы ретінде көру керек. Мемлекеттің қолдауы да осы көзқарасқа негізделуге тиіс.
- Алдағы он жылда қазақ киносы қандай болады деп сенесіз?
Қазақ киносы терең, жанрлық тұрғыдан бай, көрерменмен диалог жүргізе алатын деңгейге жетеді деп сенемін. Өз үнімізді таба бастадық, енді сол үнмен әлемге шығатын уақыт келді.
- Жас режиссерлер мен сценаристерге қандай кеңес бересіз?
Ешкімді күтпей-ақ, жобаңызды іске асыруды өзіңіз бастаңыз. Телефонмен болса да, қысқа формада болса да, бастысы — идеяны жеткізу. Шынайы болыңыз. Кино – адам туралы, сезім туралы, шындық туралы өнер. Көрерменмен ашық сөйлесе алсаңыз, демек, сіз — режиссерсыз.