Қазір отбасы болуды немесе отбасы болса да, балалы болуды кейінге қалдыратындар ұрық қатырып қоюды ойлай бастады. Бұл әдіс әлемде танымал, Қазақстанда да жасауға мүмкіндік бар.
Репродуктолог-эмбриолог, Қазақстандағы ЭКҰ (экстрокорпоральді ұрықтандыру) негізін қалаған Салтанат Байқошқарова ұрық қатыруға қатысты сұрақтарға жауап берді.
Көбіне кімдер ұрығын қатырып қойғысы келеді?
Ұрық қатырып, сақтауды ғылыми тілде криоконсервация әдісі деп атайды. Қазір әлемде ұрықты сақтап қою танымал болып келе жатыр. Бұл біздің елімізге де келді. Мұндай әдісті көбіне мына топтағылар қолданғысы келеді:
- кештеу күйеуге тиюді/үйленуді жоспарлап жүрген жастар;
- бір-екі баламен ажырасқан келіншектер (әзірше күйеуге шығуды жоспарламайтындар);
- екінші, үшінші бала тууды кейінгі қалдырғандар;
- отбасын құрмай, балалы болғысы келетіндер.
Кеңес заманында қыз-жігіттер 20-22 жасында үйленетін, қазір үйленетін орта жас 27-29 жасқа жетті. Қыз бен жігіт отбасы болуға санасы пісіп-жетілгенше, заманға сай қалауын орындаймын дегенше биологиялық уақыт өте береді. Адамның ұрпақты болатын ең жақсы биологиялық жасы — 30-35 жасқа дейін.

Әйел ағзасында бірінші тозатын — аналық без. Бет-әлпет жарқырап тұрғанымен, ұрық азайып, ескіре береді. Ер адам қартайған сайын ұрығының сапасы төмендейді.
Ұрықты қатырып қоюға болады дегенді естіп, бізге де бірен-саран жастар келіп жатыр. Олар баланы кейінгі жоспарлаймыз дейді. Әзірше олар көп емес. Әрине, ұрығын қатыруға келетін қыздар – жыныстық қарым-қатынаста болып жүргендер. Пәк қыздардың ұрығын ала алмаймыз. Өйткені аналық ұрықты алу үшін жатырға белгішпен (датчикпен) кіреді.
Аналық ұрықты алып, қатырып, сақтап қою да, кейін оны аталық ұрықпен қосып, ананың жатырына салу деген – ЭКҰ жасату деген сөз. Сонда денсаулығы келіп тұрса да, қараптан-қарап ЭКҰ жасауға тура келеді. Сондықтан табиғаттың заңымен жүрген жақсы, адамның санасы жаратылыс заңына көнгені дұрыс деп білем.
Кімдер ұрығын сақтап қойғаны дұрыс?
Бұл әдіс онкологиялық ауруы бар қыздарға, жас әйелдер мен ерлерге және алдыңғы балалары генетикалық аурумен ауырып, енді сау бала туғысы келетіндерге тиімді. Адам ауыр дертке шалдыққанда ұрығын қатырып қойса, кейін аурудан жазылған соң, ұрпақты болуына мүмкіндік бар.
Бізге, репродуктологтарға, онкологияға шалдыққан адамдар операция жасар алдында, химиотерапия алар алдында келіп, ұрығын қатырып қоятындар кездеседі. Білетін онкологтар пациенттерін бізге жібереді, бірақ негізінен дәрігерлер біле бермейді.
Мысалы, 15 жастағы қыз ауруға шалдығып, ұрығын қатырып қоюға келді делік. Ол қыз әлі жасөспірім, жыныстық қарым-қатынаста болмаған. Алайда амал жоқ, лапароскопия операциясын жасап, аналық ұрығын, қажет болса, аналық безін алып, қатырып қоямыз.
Ерлі-зайыптының балалары генетикалық аурумен туса, келесіде дені сау бала туу үшін өзі бедеу/белсіз болмаса да, ЭКҰ жасауына тура келеді. Өйткені ЭКҰ бағдарламасында аталық және аналық ұрықты қосқаннан кейінгі эмбрионға генетикалық тест жасауға болады. Сөйтіп, эмбрионды жатырға салмай тұрып, қандай да бір ауруы бар-жоғын анықтай аламыз.
Ұрық қатырып, жатырға салу процесінің шығыны қанша?
Ер адамнан ұрық алу оңай. Өйткені ер адамның жыныс мүшесі ұрықты сыртқа шығарады. Әрі қатыру арзан. Ердің ұрығын қатырып қоюға 50-60 мың теңгедей кетеді. Ал әйел адамның ұрығы ағзаның ішінде орналасқан. Одан ұрық алу күрделі, ол үшін ЭКҰ жасау керек. Ер адамнан күніне миллиондап ұрық шығады, ал жас әйелден айына бір ұрық қана шығады, оның өзі кейбір айларда шықпайды.
Қайталап айтайын, ұрық қатыру деген — ЭКҰ бағдарламасын жасау деген сөз. Бұл процеске қатысатын ері ұрық шығарып, тапсырып кетеді. Сонымен оның жұмысы бітті. Әйел бастан-аяқ қатысады. Бұл қымбат та. ЭКҰ-ға жарайтын-жарамайтынын тексеруге 200-300 мың теңге кетеді. Мұны тіркелген емханада тегін тексеруге болады. ЭКҰ бағдарламасына (ұрық алып, қатыру да кіреді) 1,5-2 миллион теңге кетеді. Кейде бұл процестен бірнеше рет өтуге тура келеді.
Ұрықты тіпті 2000 жылға дейін қатырып, сақтауға болады, яғни бұған адамның өмірі де жетпейді. Оны сақтауға кететін шығынды төлеу үшін ай сайын 3-4 мың теңге жарнасын төлеп отырады. Ұрық орын алып тұрады, оған күн сайын -196 градус сұйық азот құйып тұру керек. Азот ұшып кететіндіктен, күнде құйып тұруға тура келеді.
Ұрық қатырып қойғаннан кейінгі процесс қалай жүреді?
Әйелден айына орта есеппен бір ұрық шығатынын айттық. Әйел бала көтеруіне мүмкіндік көбірек болуы үшін әйелге бірнеше рет гормон дәрісін салып, стимулация жасап, наркоз беріп, аналық безді инемен тесіп, бірнеше (кейбір әйелден 10 шақты ұрық шығады) ұрық аламыз. Оның бәрі бірдей жарамды бола бермейді, жарамдысын ғана алып, қатырып қоямыз.
Қажет болса, аталық және аналық ұрықты қосып, эмбрион күйінде де қатырып, сақтап қоя аламыз. Әйелдің жатырына эмбрионды кейін қалаған кезінде салып бере аламыз. Өйткені стимуляциямен ұрық алған әйелдің ағзасы демалуы керек. Ұрықты алған айда жатырға салса, аяғы ауыр болу ықтималдығы 1,5-2 есе төмен болуы мүмкін, бірақ сол айда салу-салмауды медициналық көрсеткішіне қарай дәрігер шешеді.
Бір рет ЭКО жасағанда, бірнеше эмбрион шығуы мүмкін. Соның біреуін жатырға салып, әйел бала тууы мүмкін, қалған эмбриондар қатырылады. Әйел бала көтермесе, келесі айларда тағы бір қатырылған эмбрионды салып береміз. Бірінші эмбрионнан-ақ бала көтере алса, екінші эмбрионды бір-екі жылдан соң тағы салып береміз.
Бір бала қанша аналық ұрықтан туады?
Бала болуы ұрықтың саны мен сапасына байланысты. Өткенде Еуропадағы конференцияға бардық. Еуропаның бір жылда жасаған ЭКҰ есебі бойынша, 44 аналық ұрықтан бір бала туады. Сондықтан “ұрық қатырып қойдым, енді 10 жылдан соң балалы болам” деп сеніп жүре беруге де болмайды. Көп ұрық алу үшін әйелге бірнеше рет стимуляция жасап, ұрық алып, қатырып отырады. Оған екі-үш ай, жарты жыл немесе бір жыл кетуі мүмкін. Дегенмен сонша ұрық алғанда, бала болады деген жүз пайыз кепілдік жоқ.
Тағы бір жолы Нарвард университетінің емханасында болдым. Сондағы дәрігерлерден «Бір бала алу үшін қанша ұрық қатырасыздар?» деп сұрадым. Олар 18-20 жастағы студент қыздардың ұрығын сатып алып (донорлық ұрық), бір бала тууы үшін, орта есеппен, 36 ұрық қатырады екен. Бұл университет колледжінің студент қыздары донор ретінде бір рет ұрық тапсырғаны үшін 10 мың доллар алады. Оларда бір қыз донор ретінде жалпы алты-ақ рет ұрық тапсыруына болады екен.
Біздің елімізде өзінде ұрығы жоқ әйл донор болатын әйелге 300-500 мың теңге арасында төлейді.
Ұрығын қатырған әйел қайтыс болып кетсе, не болады?
Әуелде емхана мен пациент арасында келісімшарт жасалады. Бұл мәселе сол құжатта көрсетіледі. Әйел ондай жағдай бола қалса, ұрық “жойылсын” немесе “күйеуіме қалдырам”, болмаса “туыстарымның айтқанын істеңіздер” деген сияқты шартын жазып, көрсетеді.
Ұрықты қанша уақытқа қатыратыны да сонда жазылады. Кейбір адамдар ай сайын жарна да төлемей, телефон нөмірін ауыстырып, жоқ болып кетеді. Келісімшартта пациент белгілі бір уақытта хабарласпаса, жарна төлемесе, ұрығы жойылатыны да көрсетіледі.
Салтанат Байқошқарова жастарға табиғи жолмен тууға кеңес береді
Жастарға табиғи жолмен тууға тырысыңыздар деймін, соған кеңес беремін. ЭКО-ға мәжбүр болса ғана барсын. Табиғи жолмен туғаннан артық әдіс жоқ. Өйткені адамның организмі табиғи жолмен ұрықтанып, сол жолмен босануға арналған. Табиғи жолмен балалы болуға ердің де, әйелдің де мүмкіндігі келе тұра, ЭКҰ жасатамыз деген нәрсе жоқ.
Жастар ұрпақты болу мүмкіндігін алдын ала білуі керек. Адам табиғатынан белгілі бір ұрық мөлшерімен туады: ұрығы жоқ, ұрық мөлшері аз, орташа немесе көп деп бөлінеді.
Кәмелет жасқа толған соң қыз бала репродуктологқа, ұл бала андрологқа барып, ұрығының бар-жоғын, қандай деңгейде екенін тексертіп алғаны дұрыс. Бұл дәрігерлерге бір рет барса жетеді. Тексерілудің бағасы — 10-15 мың теңге ғана. Бұл ақыға ұрық мөлшерін — аз ба, норма ма, көп пе, соны біле алады. Ұрпақты болуға алда қанша уақыт бар екенін де білуге болады.
Маған бір жолы 27 жастағы әйел хабарласты, 25 жасында климакс басталып кеткен. Қайта бес жасар қызы бар екен. Сол кісі репродуктологқа барып, ұрық қоры аз екенін біліп алса, тағы да нәрестелі болуға ертерек әрекет етер еді. Енді, өкінішке қарай, ол тек донорлық аналық ұрықпен ғана балалы бола алады.
***
Уролог жыныстық қатынаc туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді