Оралда креатив индустрияны дамытудағы маңызды қадам – ÓzgeEpic креатив хабы ресми ашылды. Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Креатив хаб – заманауи өнер мен мәдени тенденцияларды, цифрлық өнер мен жаңа технологияларды тоғыстыратын алаң. ÓzgeEpic хабы осы бағытта инновациялық жобаларды жүзеге асырып, жастардың шығармашылық бастамасын дамытуға үлес қосып келеді. Жоба 2019 жылы Алматы қаласында басталып, Түркістан және Астана қалаларында жалғасын тауып, биыл Оралда ашылып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Дарынды азаматтарды өзіне тартатын орындар, яғни креативті индустрия орталықтары барлық облыс орталығында болуға тиіс» деген міндет қойғаны белгілі. Осы бағытта мәдениет және ақпарат министрлігі және Батыс Қазақстан облысы әкімдігі бастамасымен, «Самұрық-Қазына» қолдауымен және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компанияларының әлеуметтік инвестициялары негізінде ÓzgeEpic Oral креатив хабы ашылды.

Креативті индустрияны дамыту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі, бұл сала Мемлекет басшысының назарында тұр. ÓzgeEpic Oral орталығы жас таланттар үшін жаңа мүмкіндік алаңына, шабыт ұясына айналады деп сенеміз, — деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
ÓzgeEpic Oral креатив хабының ашылуы өңірдегі мәдени және интеллектуалдық әлеуетті арттыруға зор үлес қоспақ. Жаңа кеңістікте мәдениет пен технология саласындағы әртүрлі қызмет бағыттары бір алаңда тоғысады.
Бүгін дарынды жастар мен шығармашылық саланың азаматтары үшін маңызды күн. Себебі, халыққа қажетті, сұраныстағы түрлі контент дайындайтын, әрі креативті мамандардың кәсіби ортасын қалыптастыратын орта пайда болды. Оралдағы орталық — «Самұрық-Қазына» қорының еліміз бойынша ашқан үшінші креативті хабы. Осыған дейін Ақтөбе және Петропавлда пайдалануға берілді. Жалпы Батыс Қазақстанда соңғы төрт жылда 1,5 млрд теңге болатын 16 әлеуметтік жоба жасадық. Солардың бірі жыл сайын 700 ерекше бала көмек алатын «Қамқорлық» оңалту орталықтары. Қазіргі таңда тасқын салдарынан зардап шеккен Жаңаөмір ауылында көпфункционалды спорт кешенін салу жоспарланған. Бұл да Қор компаниялар тобының өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға, халықты әлеуметтік қолдауға жасап жатқан қадамының бірі, — деді «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директор Ғибрат Ауғанов.
Креатив хабтың экожүйесінде концерт алаңы, театр, кинозал, кітапхана және асхана орналасып, өнер мен білімнің жаңа мүмкіндіктерін ұсынады. Сонымен қатар, галерея, дәрісхана, коворкинг кеңістігі, өндірістік және медиа цехтар – фото, подкаст және дыбыс жазу студиялары, түсірілім алаңдары жұмыс істейді. Айта кетерлігі, креатив хабта өңірлік анимациялық студия жұмысын бастап, мультипликация мамандары даярланады. Бұл – аймақтағы анимация бағытындағы алғашқы кәсіби студия болмақ.
Әр өңірде креатив саланың дамуына ықпал ететін кеңістіктерді құрғанда ол жергілікті жердің, сол аймақтың мәдени-әлеуметтік ерекшелігіне негізделуі тиіс. Осыны ескере отырып, тиісті зерттеулерден кейін хабтарымызды аштық. Орал қаласындағы ашылған креатив кеңістік өңірлердің зияткерлік әлеуетін өз деңгейінде көрсететін, аймақтардың мүмкіндігін орталықпен теңестіретін, креатив индустрияны дамытудағы өңірлердің рөлін айқындайтын бірегей алаң болады деген ойымыз бар, — деді ÓzgeEpic негізін қалағандар Мақпал Жұмабай және Тоғжан Құрманжанқызы
Кадрларды жүйелі даярлау және креативті индустрияларда білім беру бағдарламаларын дамыту – Қазақстан үшін стратегиялық қажеттілік. Осы орайда хабта сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқу бағдарламасы түзіліп, 200 креатив маман дайындалады. Бұл аймақта жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, аймақтық шығармашылық экономиканың бәсекеге қабілеттігінің артуына ықпал етеді.