Бүгін Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған «Менің Жеңіс тарихым» челленджі басталды. Онлайн-акцияға оқушылар, жастар мен белсенді азаматтар қатысып жатыр. Олар соғысқа қатысқан туыстарының немесе әскери жылдардағы отбасы мұрағатынжағы фотосуреттерін әлеуметтік желіге жариялап, қысқаша әңгіме немесе естелік ұсынып жатыр. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлап отыр.
Алматы тұрғындары ата-әжесінің естелігін қастерлейді. Мысалы, Алматы тұрғыны Ирина Амирова өз аталарының оқиғасын айтып берген.
Отбасымызда соғысқа екі арғы атам қатысқан. Бірі – жаяу әскер, екіншісі – сапер болған. Олар бір-бірімен таныс болмаған, бірақ олардың ерлігі жеңіс жолында түйісті. Бірі аяғынан айырылып, бірақ өмірге деген сүйіспеншілікпен оралды. Екіншісі 1943 жылы Смоленск түбінде хабар-ошарсыз кеткен. Оның есімі обелискке қашап жазылған, біз жыл сайын мамырда сол жерге гүл апарамыз. Бұл екі тағдыр – соғыстың қос қыры: қаза қайғысы мен төзім. Отбасымыз олардың естелігін сақтайды, өйткені бұл бейбіт өмір бізге қандай бағамен келгенін ешкім ұмытпауы керек. Бұл – менің Жеңіс тарихым, — дейді Ирина Амирова.
Тағы бір әлжелі қолданушысы Айжан Маратова атасының ағасы туралы айтып берген.
Атамның ағасы Ленинградты жанкештілікпен қорғағандардың бірі болған. Соғыс жайлы сирек айтатын, көбіне үнсіз қалатын, ішкі жан-дүниесінде көп нәрсені жасырып жүретін. Жеңіс күні сайын сабырлы болатын. Бір жылы, бүкіл отбасымызбен қаза тапқандар ескерткішіне барғанда, оның ерні дірілдеп, көзінде жас жылтырап тұрғанын көрдім. Ол жай ғана былай деді: «Шынайы жеңіс тек қалаларды азат ету емес, фашизмді жеңу емес. Жеңіс – халықтың бәрін бастан өткеріп, адамшылықтан айырылмай, аман қалғаны». Бұл сөзі мәңгі есімде қалды, — деп жазды ол.
Бір айта кетерлігі, дәл Алматыда Отанын ерлікпен қорғаған атақты атқыштар дивизиялары құрылған. Соғыстың алғашқы күндерінде Алматы маңында оқ ату мен қазіргі заманғы соғыс өнеріне үйрететін оқу-жаттығу алаңдары салынған. 1941 жылы Алматыдағы атқыштар-пулеметшілер училищесінің жалғыз өзі әскерге 2 429 жас офицер дайындап берген еді.
Әскерге шақырылғандар мен еріктілер қатарынан генерал-майор Иван Панфилов басқарған аты аңызға айналған 316-атқыштар дивизиясы құрылды. Бұл дивизия соғыстың шешуші шайқастарында ерлік көрсетті.
1942 жылғы 13 тамызда майданға Алматыдан 100-атқыштар бригадасы аттанды. Ол алғашқы ұлттық құрамалардың бірі болды.