Басты бет Жаңалықтар Алматыда маусым айында қоқыс өңдейтін зауыт салынады

Алматыда маусым айында қоқыс өңдейтін зауыт салынады

Фото: Ақорда
Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыда қалдықты кәдеге жарату зауытын салуға арналған инвестиция құю туралы келісімді екі апта мерзімде дайындауды тапсырды.

Олжас Бектенов Shanghai SUS Environment Co., Ltd. компаниялар тобының президенті – басқарма төрағасы Лун Цзишэнмен 2024 жылғы қарашада Қытайға барғанда келіскен ынтымақтастық мәселесін талқылады.

Лун Цзишэн Алматыда тәулігіне екі мың тоннаға жуық қалдықты қайта өңдейтін және 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіретін қоқыс өңдеу зауытының жобасын таныстырды. Тікелей инвестиция көлемі $270 млн болмақ.

Алматы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, зауыт іске қосылса, мегаполистің қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату қажетін өтеп, 2029 жылға қарай қалдықты қайта өңдеу үлесін 80%-ке жеткізуге мүмкіндік береді.

Президент 2029 жылға қарай коммунал қалдықты қайта өңдеу көлемін 38%-ке жеткізуді міндет етіп отыр. Жыл сайын елімізде 4,5 млн тоннадан астам коммунал қалдық түзіледі. Үкімет бұл жобаны мақұлдап, қолдауға дайын. Байыпты инвесторлармен ұзақмерзімді ынтымақтас болуғамүдделіміз,  — деді Олжас Бектенов.

Ол салалық министрліктер мен Алматы әкімдігіне зауыт құрылысын осы жылдың маусым айында бастау үшін екі апта мерзімде инвестиция туралы келісімнің жобасын дайындауды тапсырды.

Жоба іске қосылса, 500 жұмыс орны, оның ішінде 100 тұрақты жұмыс орны ашылады. Лун Цзишэн жұмысқа жергілікті мамандар көбірек тартылатынын айтып отыр.

Exit mobile version