Әнші Димаш Құдайберген «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатынан кейін 23 жастағы тыңдарманымен кездесті.
Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігі хабарлап отыр.
Ерекше жанның көптен бергі арманы сүйікті әншісімен жүздесу болған. Бұл арманы дәл осы тарихи күнде орындалды. Кездесуде Димаш баланың анасына гүл тарту етіп, шынайы лебізін білдірді. Анасы да ізгі ниетін жеткізді.
Ұлым көптен бері Димашпен кездесуді армандап келді. Бұл күні арманы орындалды. Ұлымның қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Димашқа аналық алғысымды білдіремін, — деді анасы.
Димаш өзіне жанкүйер болып жүрген қазақ жігітіне алғыс айтып, қолындағы білезігін сыйға тартты.
Кездесу соңында Димаш пен жанкүйері «Махаббат бер маған, тағдыр» әнін қосыла шырқады.