13 өңірде су тасқыны салдарының алдын алу үшін гидротехникалық құрылыстарды жөндеу бойынша 43 іс-шара іске асырылды.
Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында, су ресурстары және ирригация министрлігі бекіткен жоспар бойынша, 13 өңірдегі гидротехникалық құрылыстарда су тасқыны салдарының алдын алуға бағытталған 43 іс-шара жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарында жұмыстар жүргізілді.
Жоспарға гидротехникалық құрылыстарды ағымдағы жөндеу, каналдарды тазарту және жағалау нығайту жұмыстары кірді. Мысалы, Ақмола облысында Шағалалы және Сілеті су қоймалары, сонымен қатар «Алва» лимандық суару жүйесі жөндеуден өтті. Абай облысында Шар су қоймасының қорғаныс бөгеті салынды. Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев гидроторабында жағалау нығайту жұмыстары жүргізілді, — деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.