Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» кенішінде тағы бір кенші қаза болды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жазатайым оқиға Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» компаниялар тобына қарасты Шығыс-Жезқазған кенішінде болды.
№57 шахтада тауарлық-материалдық құндылықтарды түсіру кезінде 1994 жылғы жұмысшы жүк оқпаны алаңындағы саңылауға құлап кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан жұмысшы оқиға орнында қаза болды. Оқиғаның мән-жайы мен себебі анықталып жатыр, жазатайым оқиғаны тергеу бойынша арнайы комиссия құрылды. «Қазақмыс» компаниясының басшылығы мен ұжымы марқұмның жақын туған-туысқандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Қаза болған жұмыскердің отбасына ұжымдық шартта қарастырылған барлық қажет көмек көрсетіледі, оның ішіне жерлеу шығындары да кіреді, — делінген хабарламада.