Еліміздің көлік ведомствосы жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды.
Бұл туралы көлік министрлігі хабарлап отыр.
Жаңартылған нормалар ерекше қажеттігі бар азаматтар мен оларды алып жүретін тұлғаларға арналған жеңілдіктерді кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарды, сонымен қатар ерекше қажеттігі бар балаларды алып жүретін жандардың пойыздардағы жол жүру құнына 50% жеңілдік беру ұсынылып отыр.
Сонымен қатар енді ерекше қажеттігі бар азаматтардан пойызға міну кезінде медициналық мекемелерден алынатын анықтамалар мен құжаттарды көрсету талап етілмейді. Көлік ведомствосы бұл рәсімді жолаушыларды тасымалдау ережелерінің 44-тармағынан құжат тапсыру талабын алып тастау арқылы жеңілдетуді көздеп отыр. Енді қажет ақпарат автоматты түрде арнайы деректер базасы арқылы тексеріледі, — деп жазылған хабарламада.