Қазақстандық El arna және «Хабар» телеарналарын біріктіру туралы шешім шығарылды. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеп отыр.
Министрдің сөзіне қарағанда, бұл отандық медиакеңістіктегі қарқынды өзгерістерді ескере отырып және мемлекеттік ресурстарды оңтайландыру үшін қабылданған шешім.
Бұл қадам, ең алдымен, отандық телекомпаниялардың жұмыс тиімділігін арттыруға және қазақстандық контент аудиториясын кеңейтуге бағытталған, — дейді Балаева.
El arna және «Хабар» телеарналарын біріктіру 2025 жылғы 1 мамырға дейін аяқталады. El arna -ның барлық құнды контенті «Хабар» арнасының эфиріне өтеді. Аида Балаева бұл үздік жобалардың сақталуына, оларды кең аудиторияға қолжетімді етуге және одан әрі дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
El arna телеарнасы отандық көркем және деректі фильмдер, сериалдар, сонымен қатар мәдени-ағартушылық бағдарламалар көрсетілетін платформа ретінде маңызды миссия атқарды. Біз бұл арнаның ұлттық кинематография мен телевизияның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Мәдениет және ақпарат министрлігі El arna телеарнасының ұжымына көпжылдық еңбектері, кәсібилік пен отандық медиа кеңістікті дамытуға қосқан үлестері үшін шынайы алғыс білдіреді. Қайта ұйымдастыру процесі барысында барлық қызметкерлер «Хабар» агенттігіне жұмысқа орналастырылады. Жалақы деңгейі сақталып, олардың тәжірибесі мен білімі жаңа жобаларда сұранысқа ие болады, — дейді министр.
El arna телеарнасының бағдарламаларын өндіру және таратуға бөлінген қаржы 24Kz және «Хабар» сияқты стратегиялық маңызды телеарналардың контентін күшейтуге және техникалық базасын уақтылы жаңартуға қайта бөлінеді.