Басты бет Жаңалықтар Тоқаев әуежайда кепілге алынған әйелді құтқарған адамды мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды

Тоқаев әуежайда кепілге алынған әйелді құтқарған адамды мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды

Фото: Бейнежазбадан
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әуежайында адамды кепілге алу жағдайынан хабардар екенін жеткізді.

“Президент қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, аталған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін пышақ ұстаған ер адамның Алматы әуежайының қызметкерін кепілге алғаны туралы хабарлаған едік. Желіде оқиға орнынан видео пайда болған. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адамның қыздың шашынан тартып ұстап алғанын байқауға болады.

Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алып, пышақпен қорқытқан ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Дәл осы қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен Мұса Әбдірайым жағдайдың қалай болғанын айтып берді.

Мемлекеттік наградаға ұсынылған азамат orda.kz тілшісіне берген сұхбатында оқиға кезінде ашулы ер адам әуежайдың тексеру қызметкерін шашынан тартып, пышақпен қорқытқанын айтты.

Куәгерлер абдырап қалды. Солардың арасында 52 жастағы Мұса Әбдірайым да бар еді. Ол бұрын кәсіби спортпен айналысқанын, муай-тай мен басқа да жекпе-жек өнерлерін меңгергенін айтады.

Мен тек танысымды шығарып салуға келген едім. Шабуыл жасағанын көріп қалдым. Өмірім үшін емес, тек қыздың қауіпсіздігі үшін алаңдадым, – дейді ол.

Ол еш ойланбастан өзін кепілдікке ұсынды, кейін қаскөймен айқасқа түсіп, оны залалсыздандырды. Қаруды тартып алып, шабуылдаушыны жерге құлатты. Зардап шеккен қызметкер батыл азаматқа алғысын білдірді.

Полиция қызметкерлері де хабарласып, алғыс айтып жатыр. Телефоным тынымсыз шырылдап жатыр, – деп күлімсірейді ол.

Мұса Әбдірайым мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанын және ең бастысы – оқиғаның қайғылы аяқталмағанына қуанатынын айтады.

Exit mobile version