Басты бет Жаңалықтар Перизат Қайраттың ісіне қатысты тың мәліметтер пайда болды

Перизат Қайраттың ісіне қатысты тың мәліметтер пайда болды

Фото: instagram.com/01pk
Biz Birgemiz қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайрат тағы бір іс бойынша алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Бұл туралы ҚМА хабарлап отыр.

2025 жылғы 23 қаңтарда Перизат Қайратқа қатысты мүгедек-балаларға арналған оңалту орталығын салуға ақша жинау алаяқтығы бойынша сотқа дейінгі жаңадан тергеу тіркелді.

Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжанның айтуынша, Перизат Қайрат 2021 жылғы қараша айында Ақмола облысында «Батыр» қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырған. Жұрттың сенімін арттыру үшін оңалту орталығына мұқтаж мүгедек-балалар мен олардың ата-аналарын іс-шараға тартқан. Перизат Қайрат тарапынан таратылған жалған деректер бойынша 48 миллион теңге жиналып, құны 100 миллион теңге ғимарат сыйға тартылған. Алайда, аукцион кезінде шын мәнінде 22 миллион теңге түскен, осы ақшаны ол өзінің жеке қажетіне жаратқан.

Сонымен қатар Перизат Қайрат «Батыр» қоғамдық бірлестігі үшін құны 30 миллион теңге жер телімін сатып алғанын мәлімдеген, алайда бұл участокты 2019 жылы бірлестік өзі сатып алған. Оңалту орталығының құрылысы әлі басталмаған қалпында тұр. Орталықтың қажеттігіне берілді деген ғимарат мүлдем жоқ болып шықты. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды, — деді Ернар Тайжан.

Естеріңізге сала кетейік, Перизат Қайрат көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек беру үшін, сонымен қатар Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек беру мақсатында жиналған 1,7 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген болатын.

Еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат ұсталып, тергеу басталғанын хабарлаған болатынбыз. Ол екі ай қамауға алынды.  

Exit mobile version