Павлодарда жұмысқа ішімдік ішіп келіп, 6-класс оқушысын кеудесінен ұрып жіберген мектеп күзетшісінің әрекетіне қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Бұл туралы Павлодар қаласының білім беру бөлімі хабарлап отыр.
Мектеп әкімшілігі аталған оқиға бойынша тексеру жүргізіп, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Қауіпсіздік қызметкерінің қол көтергені расталып, білім мекемесіне 102, 103 қызметтері шақырылған.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін мектепке полиция қызметкерлері мен күзет фирмасының өкілдері келді. Полиция қызметкерлері тергеу жүргізіп жатыр. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бақылауды әлсіретіп алған мектеп басшысына тәртіптік шара қолданылды. Ал күзет агенттігінің басшылығына мектеп атынан талап арыз жолданды. Күзетші қызметтік міндеттерін атқарудан босатылды. Білім ұясының барлық қызметкерімен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша қосымша нұсқаулық өткізілді, — делінген хабарламада.
Бұған қоса білім беру бөлімі мектеп директорларымен білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын сақтаудың қажеттігі және оқушылардың денсаулығы мен өмірінің сақталуына қатысты бірінші басшылардың жауапкершілігі туралы шұғыл жұмыс кеңесін өткізген.