Қостанай облысында заңсыз такси қызметімен айналысқан шетел азаматы жауапқа тартылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.
Полиция мәліметінше, Қарабалық ауданында «Қауіпсіз жол» республикалық операциясы барысында патрульдік полиция қызметкерлері Volkswagen көлігін тоқтатқан.
35 жастағы жүргізуші — Қазақстанда тұруға рұқсаты бар шетел азаматы болып шықты. Құжаттарды тексеру кезінде оның бірнеше заң бұзушылыққа жол бергені анықталды: сақтандыру полисі болмаған, көлік техникалық тексерістен өтпеген, сонымен қатар көлік құралын тіркеуге қоймаған. Бұған қоса ол такси қызметінің мобайл қолданбасы арқылы бес жолаушыны заңсыз тасымалдап жүрген.
Полицейлер әкімшілік хаттама толтырып, жүргізушіге 100 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Ал заңсыз жолаушылар тасымалдауға қатысты мәселені сот қарайтын болады. Көлік айып тұрағына қойылды.
Полиция қызметкерлері барлық жүргізушіні жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.