Басты бет Жаңалықтар Елімізде 66 мектеп лицензиясыз жұмыс істеген

Елімізде 66 мектеп лицензиясыз жұмыс істеген

Фото: Алматы әкімдігі
Қазақстанның орта білім беру саласында 62,4 миллиард теңге қаражат пен ресурстарды тиімсіз жоспарлау анықталды.

Бұл туралы жоғарғы аудиторлық палата хабарлап отыр.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, білім беру стандарттары саласындағы реформалар жүйелі жүргізілмейді. Оқу жоспарларындағы жиі өзгерістер шығарылып қойған оқулықтарды қайта қарауға және бюджеттің тиімсіз шығыстарына әкеледі. Кейінгі бес жылда оқулықтарды қайта қарау салдарынан экономикалық шығындар 16 миллиард теңгеден асқан.

Оқулықтардың сапасын сараптау мен бақылауда кемшіліктер анықталды. Бес жыл ішінде бағалау өлшемшарттары 12 рет өзгерген, бұл орнықты бағалау жүйесінің жоқ екенін көрсетеді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау ақпараттық жүйесі арқылы сараптама тәртібі іске асырылмаған, рәсімдер қағаз жүзінде жүргізіледі, — деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар лицензиялау сапалы білім алудағы мемлекеттік кепілдігінің бірі болса да, елде мемлекеттік мектептерді қоса алғанда, 66 мектеп лицензиясыз жұмыс істейді. Мектептердің тек 18,2%-і аттестаттаудан бір дегеннен өте алады.

Жалпы мемлекеттік аудит барысында 1,1 миллиард теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 62,4 миллиард теңгеге қаражат пен ресурстарды тиімсіз жоспарлау, 3,2 миллиард теңгені тиімсіз пайдалану анықталды.

Exit mobile version