Басты бет Серіктестік материал Ұшақтағы қауіпсіздік: бортсеріктер қалай дайындалады?

Ұшақтағы қауіпсіздік: бортсеріктер қалай дайындалады?

Фото: Baribar.kz
Ұшақ – ең қауіпсіз көлік түрі. Дегенмен әуеде апат бола қалса, жолаушыға көмектесе алатын жалғыз адам – бортсерік. Baribar тілшісі Air Astana компаниясының Астанадағы Ұшуға даярлау орталығына арнайы барып, бортсеріктердің дайындығын көріп қайтты.
Air Astana бортсеріктері екі айлық оқу-жаттығу курсынан өтеді. Курста болашақ бортсеріктер жолаушылар қауіпсіздігіне жауап беруді, эвакуациялауды, төтенше жағдай туа қалса, жедел әрекет етуді үйренеді.

Болашақ бортсеріктер курстан не үйренеді?

Бізді трениң академиясының аға нұсқаушысы Данара Сардарова мен нұсқаушы Майя Тәжен қарсы алды. Олар бортсеріктерді қабылдау процесі мен оқу бағдарламасы туралы айтып берді.

Бортсерік болу жай ғана жолаушыларға сусын таратып, күлімсіреп қызмет көрсету емес. Бұл — бәрінен бұрын қауіпсіздік пен жолаушыларды қорғай білуге негізделген жауапты мамандық. Үміткерлер дайындық кезінде дене және психика төзімдігін дәлелдеуге тиіс, — дейді Данара Сардарова.

Бортсерік, ұшақтағы қауіпсіздік, Air Astana
Данара Сардарова, Майя Тәжен. Фото: Baribar.kz

Әрбір болашақ экипаж мүшесі:

  • төтенше жағдай кезінде жолаушыларды эвакуациялау;
  • өрт сөндіру;
  • суға қонғанда ұшақтағы жолаушыларды құтқару;
  • алғашқы медицина көмегін беру;
  • агрессив жолаушылармен жұмыс істеу сияқты дағдыларды меңгереді.

Air Astana-ның жаңа оқу-жаттығу орталығында екі негізгі тренажер бар: CEET (Cabin Emergency Evacuation Trainer) және RFFT (Real Fire Fighting Trainer). CEET тренажеры – ұшақ салонындағы апатты жағдайларды, соның ішінде жолаушыларды шұғыл эвакуациялау, ұшақ есіктерін ашу, разгерметизация бола қалғандағы іс-қимылды үйрететін құрал. Ал RFFT – борттағы өртті сөндіруге арналған арнайы жаттықтыру кешені.

Бір айта кетерлігі, Air Astana екі тренажерды 2024 жылғы сәуірде іске қосқан. Оған дейін ұшқыштар мен бортсеріктерді оқу-жаттығудан өту үшін шетелге апаруға тура келетін. Енді компания уақытты да, шығынды да үнемдейді. Компанияның Қазақстанда өз тренажеры болғаны елдегі авиация деңгейін көтеріп отыр.

Оқу-жаттығу сабақтары CEET тренажерында басталды. 10 бортсерік пен нұсқаушылар кіріп, түрлі жағдайда қалай әрекет ету керек екенін көрсетті. Бұл тренажер шын ұшақтан жасалған.

CEET (Cabin Emergency Evacuation Trainer). Фото: Baribar.kz

Ұшақ апатты жағдайда қонса…

Ұшақ апатты жағдайда қонғанда жолаушыларды эвакуациялау – бортсерік үшін ең маңызды дағдылардың бірі. Оқу-жаттығу кезінде біз осындай төтенше жағдайға «куә болдық». Ұшақ қону жолағына қатты соғылып, тоқтады. Ондай кезде бортсеріктер:

Seat belts off! Leave everything! Get out! – деп, жолаушыларға белдігін ағытып, тез арада шығу керек екенін хабарлайды.

Фото: Baribar.kz

Бортсеріктер есіктерді ашып, үрлемелі трапты іске қосты. Эвакуацияға қатысты бұйрықтан кейін жолаушылар кезек-кезек траппен төменге түсе бастады.

Фото: Baribar.kz
Фото: Baribar.kz

Бортсеріктер эвакуациядан кейін көрпе, қалың киім, су, тамақ сияқты қажет заттар алып түсу үшін ұшақ бортына арқаннан ұстап қайта шығады. Дегенмен бұл жерде мынаны ескеру керек — бортсерік ұшақ қауіпсіз болса ғана бортқа қайта кіре алады. 

Құтқару күртешесін қалай кию керек?

Ұшақ суға қонса, экипаж жолаушыларға құтқару күртешесін киюді бұйырады. Оны ұшақ ішінде киіп, шығарда ғана үрлейді.

Фото: Baribar.kz

Күртешенің төменгі жағында орналасқан қызыл ұшын қатты тартып қалғанда, ол үрленіп шығады.

Фото: Baribar.kz

Ұшақ апатты жағдайда қонардан 40 секунд бұрын командир «BRACE! BRACE!» деген пәрмен береді. Содан кейін бортсерік жолаушыларға былай дейді:

«LEAN DOWN! PROTECT YOUR HEAD!» – еңкейіңіз, басыңызды қалқалаңыз!

Төтенше жағдайда жолаушы есікті қалай ашуы керек?

Ұшақтардың кейбiр бортында люктар бар. Апатты жағдайда солардың ашылуына люк қасында отырған жолаушылар жауап береді.

Бортсеріктер рейс алдында жолаушыларға люкты дұрыс ашуды түсіндіреді. Оларды «Evacuate! Evacuate!» пәрменінен кейін ғана ашу керек!

Сырттағы жағдайды, қауіп-қатердің бар-жоғын міндетті түрде тексеру керек. Жай уақытта люкты ашуға мүлдем болмайды.

Фото: Baribar.kz
Фото: Baribar.kz

Оқу-жаттығу кезінде бортсеріктің жұмысын үйреніп жүргендердің бірі — 20 жастағы Еркебұлан Мақсатұлы. Еркебұлан – Алматы облысындағы Үшарал қаласының тумасы. Бүгінде Алматыдағы Нархоз университетінде digital engineering мамандығы бойынша оқып жатыр. Ол бір күні университеттің поштасына келген Air Astana компаниясының бортсеріктерді қабылдап жатқаны туралы хатты көріп, бағын сынап көрмекші болыпты.

Еркебұлан Мақсатұлы. Фото: Baribar.kz

Іріктеу кезеңдері оңай болған жоқ. Дегенмен бар күш-жігерімді салып, өзімді дәлелдеуге тырыстым. Бүгінде трениңдерде жаттығып жатырмыз. Сертификат алған бойда бортсерік ретінде жұмысқа кірісеміз, — дейді жас жігіт.

Еркебұлан мұнда кәсіби дағдыларды ғана емес, жауапкершілік пен командамен жұмыс істеудің маңызын да тереңірек түсінген.

Трениңдер қарқынды әрі қызық өтіп жатыр. Күнделікті өмірде үйімізден университетке бара жатқанда апатқа түсу ықтималдығы жоғары. Ал ұшақпен жүргенде ол қауіп біршама азаяды. Оның үстіне Air Astana қауіпсіздік талаптарын өте жоғары деңгейде сақтайды. Әрбір бөлікке ерекше мән береді, — дейді Еркебұлан.

Тәжірибелі нұсқаушылар жас мамандарға жоғары талап қойып, олардың әр сәтке мұқият болуын үйретеді.

Майя Тәжен. Фото: Baribar.kz

Біздің бас міндетіміз – әр секунд бағасын сезіну. Ұшақтағы әрбір оқиға жолаушылардың өміріне тікелей әсер етеді, – дейді Майя Тәжен.

Ұшақтағы оттегі маскасын қай кезде тағу керек?

Әрі қарай бір топ бортсеріктермен оттегі маскасын қолдануды үйрендік. Кабинадағы қысым қалыпты деңгейден төмен түссе, 4 200 метр биікте оттегі маскасы автоматты түрде шығады. Маска түскенде ересек жолаушы әуелі оны өзіне тағады, содан кейін басқаларға тағады. 

Фото: Baribar.kz

Маска түскеннен кейін, оны бір қолмен мықтап тартып қалу керек. Сол кезде оттегі жылдам беріледі. Масканы мұрын мен ауызды толық жабатындай етіп таққан дұрыс. Масканың екі жағындағы серпімді белдікті тартып, оны басқа ыңғайлы етіп бекіту қажет.

Фото: Baribar.kz

Жаныңызда бала немесе көмекке мұқтаж жолаушы болса, әуелі масканы өзіңіз тағыңыз, содан кейін оларға көмектесіңіз, — дейді нұсқаушы.

Әдетте, оттегі маскасы ауаны 15-22 минут береді. Бұл уақыт ұшқыштар ұшақты қауіпсіз биікке түсіріп, қысымды тұрақтандыру үшін жеткілікті.

Биікте “тілсіз жаумен» қалай күреседі?

Біз борттағы өрт түрлерін, соның ішінде пештен шыққан, жүк сөресінде тұтанған, дәретханада болған өртті сөндіруді үйретеміз, — дейді Майя Тәжен.

Фото: Baribar.kz

Нұсқаушы қазіргі таңда аса маңызды дағды литий-ионды батареялардан шыққан өртті сөндіру екенін айтады. Мұндай батареялар гаджеттерде, телефонда, планшетте немесе ноутбукта кездеседі. Бүгінгі жаттығуда ноутбук пен смартфон өртенді.

Өрт сөндіргішті 1,5-2 метр қашықтықтан қолданып, толық себу керек. Жалын басылғаннан кейін, батареяларды тұтанбайтын сұйықпен (мысалы, сумен) толық суытып алады. Осыдан соң, батареяларды металл контейнерге салып, қайтадан сумен толтырып, толық салқындатады.

Өрт электр құрылғысынан шықса, ең алдымен электр қуатын суыру керек. Мысалы, пештен жалын байқалса, өрт сөндіргішті толық бүркіп, пештің есігін жабады. Шамамен 15 секунд күтіп, өрт сөнген-сөнбегенін тексереді. Өрт толық сөнсе, пештің ішіндегі жанған заттарды отқа төзімді қолғаппен алып, металл контейнерге салып, оларды да суыту қажет.

Фото: Baribar.kz

Бортта қиын жағдайлар сирек кездеседі, бірақ ұшақтан өрт шығу қаупін азайту өте маңызды. Сондықтан бортсеріктер жолаушылардың темекі шекпегенін қадағалайды, ашық от көздері (оттық, сіріңке) бар-жоғын бақылайды, бөгде иіс пен түтін байқалса, дереу әрекет етеді.

Біздің барлық рейсімізде темекі шегуге тыйым салынған. Ұшақта IQOS және басқа электрон темекілерді зарядтауға болмайды, өйткені олар жарылып кетуі мүмкін. Пауэрбанктерді де зарядтауға болмайды. Ұшып-қонғанда кез келген құрылғыны зарядтау қауіпті. Бұл ережелер қауіпсіздік үшін өте маңызды! — дейді Данара Сардарова.

Бортсерік болуды армандап, дайындалып жүрген жанның бірі — Әсел Берікқанова. Ол оқу-жаттығу жиындарына өте мұқият болу керек екенін және бәрін жадында сақтауға тырысатынын айтады.

Фото: Baribar.kz

Жаттығу кезінде шынымен төтенше жағдайға тап болғандай сезіндім. Бәрі тез әрі ұйымдасқан түрде жүруі керек. Мұндай сәтте үрейге бой алдырмай, нақты әрекет ету қажет. Сондықтан дене дайындығына ғана емес, психика жағынан да дайындалуға көңіл бөліп жүрмін. Әр рейсте жолаушылардың қауіпсіздігі біздің қолымызда екенін түсіну мотивация береді, — дейді 23 жастағы Әсел.

Міне, әуеде мыңдаған метр биікте бортсеріктер жолаушыларға жайлылық сыйлап қана қоймай, қауіпсіздік үшін күрделі дайындықтан өтеді. Бүгін көрген оқу-жаттығу осы мамандыққа құрметімізді арттыра түсті. Бортсеріктердің бос орны туралы Job.airastana.com сайтынан немесе компанияның әлеуметтік желілерінен білуге болады.

Exit mobile version