Астанада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 11-15 ақпан аралығында «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтеді. Іс-шараны оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырып жатыр.
Фестиваль болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өзара ынтымақтастық алаңына айналады.
Жұмысшы мамандықтар қаласы қонақтары арнайы тақырыптық көшелерді аралап шыға алады: тау-кен, металлургия көшесі, машина жасау және көлік көшесі, ауыл және су шаруашылығы көшесі, құрылысшылар көшесі, болашақ мамандықтар көшесі, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер бұрышы және тағы басқа.
Бірнеше күн бойы түрлі семинар мен шеберлік сыныптары, мұнай және энергетика салаларындағы тақырыптар бойынша хакатондар, мамандықтар шеруі, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, стартап жобалардың таныстырылымы, машина жасау бойынша шеберлік сыныптары, концерттер, халықаралық аккредиттелген техникалық және кәсіптік оқыту курстары және тағы басқа көптеген іс-шара өтеді.
Фестивальге кіру тегін. Күн сайын сағат 10:00-ден 18:30-ға дейін ашық болады. Мекенжайы: EXPO халықаралық көрме орталығы, Мәңгілік ел, 53/1