Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 17 жас ғалымға пәтер сертификатын табыстады. Бұл туралы министрлік сайты жазып отыр.
Президент 2024 жылғы 31 мамырда жас ғалымдармен кездескенде ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қолдау, ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру үшін шара қабылдау туралы тапсырма берген еді. Осы бойынша құрылған комиссия Алматыдан баспана беру үшін мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдардағы, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы жас ғалымдардың кезекті тізімін айқындады. 17 жас ғалым пәтер сертификатын алды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024 жылғы мамыр айынан бастап баспанаға мұқтаж жас ғалымдар (40 жасқа дейін және 40 жастағы) тізімін жасап жатыр. Алматы қаласында орналасқан мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарынан 300-ге жуық өтінім келіп түскен
Былтыр 25 жас ғалым тұрғын үй сертификатын алған. Сонымен қатар 2023 жылғы 19 қазанда ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Бұл бағдарлама бойынша 290 жас ғалым жеңілдікпен баспана алды.