Ақтөбе облысында полиция алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жәбірленуші полицияға өзіне заңсыз несие рәсімделгені туралы арызданды.
Тергеу іс-шаралары барысында күдікті әйел Қандыағаш қаласында танысының үйінде қонақта болып, «жұмыс істеймін» деген сылтаумен үй иесінің телефонын сұрап алғаны анықталды. Телефонды алғаннан кейін әйел бірнеше минут ішінде екі банктен 1 миллион 350 мың теңгеге несие рәсімдеп, оларды өз анасының шотына аударған, делінген хабарламада.
Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті мұндай заңсыз операцияларды болдырмау үшін мобайл құрылғыларды бейтаныс адамдарға сеніп беруге болмайтынын еске салады.