Бүгін мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2025 жылғы жұмыстың бағыт-бағдарына, мақсат-міндеттеріне тоқталды.
Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
2025 жыл – идеологиялық тұрғыда ерекше атаулы жыл, – деді министр.
Биыл бірқатар атаулы мерейтой мен мәдени іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бар. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы және басқа да көрнекті тұлғалардың мерейтойлары аталып өтпек.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында ауқымды іс-шаралар жоспарланып жатыр. Сонымен қатар «Батырларға тағзым» онлайн-платформасы іске қосылады. Порталға 1 миллионға жуық қазақстандық жауынгердің есімі бойынша мәліметтер, сонымен қатар жеке құжаттары мен фотосуреттері енгізілді.
Аида Балаева саланы цифрландыру мәселесіне де жіті назар аудару қажет екенін айтты.
Министрлік мәдени мұраларды сақтау және қолжетімді ету үшін цифрландыруды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады. E-museum веб-порталы іске қосылып, Қазақстан музейлерінің виртуалды желісі жасақталады. Бұл жоба тарихи-мәдени мұраларға 3D-модельдеу технологиясын қолдану арқылы онлайн-қолжетімдікті қамтамасыз етеді.
Кино саласына қатысты өзекті мәселелер де ұдайы назарда. Солардың бірі – «Қазақфильмді» дамыту. Президент қол қойған заңға сай, енді мемлекеттік қаржыландырудың кемінде 30%-і «Қазақфильмге» бағытталады. Бұл жерде ерекше атап өткім келетіні – мемлекеттен бөлінетін әр тиынның есебі, сұрауы бар. Сондықтан, бұл қаражат сараптаудан өткен лайықты туындыларға ғана бөлінеді, – деді Аида Балаева.
Министрлік ұлттық кино мен сериалдарды шетелге экспорттау мәселесіне де назар аударып, ұлттық стримиң платформасын іске қосуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, кинопрокатқа шығатын отандық және шетелдік фильмдердің мазмұнына байланысты прокаттау куәлігін беру бойынша заңнаманы күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар министр ел ішінде алауыздық туғызып, діни, этносаралық араздықты қоздыру фактілерін болдырмау үшін жауапкершілікті күшейту керек екенін де атап өтті. Қазіргі кезде елімізде 18 конфессияны білдіретін 4 мыңға жуық тіркелген діни бірлестік бар. Сондықтан, қоғамның рухани мәселелерін шешуде бұл салада да бірлесе жұмыс істеу орынды.
Министрлік мәдениет саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастырып жатыр. 2024 жылы ел өңірлерінде мәдениет нысандарына қатысты 255 жөндеу және 45 құрылыс жұмыстары аяқталды.
Ұлттық музей, Мұхтар Әуезов атындағы драма театры, Наталья Сац атындағы театр және басқа да мәдениет нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.