Басты бет Редакция таңдауы Жайдарманшы Еламан: «Халық өмірін өзіне вайн қылып қайтарып жүрміз»

Жайдарманшы Еламан: «Халық өмірін өзіне вайн қылып қайтарып жүрміз»

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Еламан Юсуп — әлеуметтік желіде «жиза» видеолар түсіретін жайдарманшы. Бұл видеоларды әуенді вайн деп атауға болады. Жайдарманшының әуенді вайндары жақында шықса да, көптеп қаралып, желіні «жарып» жатыр. Baribar.kz Еламанмен видео контенті туралы сөйлесті.

«Әр вайнда жақсылыққа шақыратын түйін айтып, аяқтаймыз»

«У-шуынан қаланың мен шаршап келдім ауылға,

Студент көп «общагадан» өз үйімді сағына.

Үйге келсем, әкем жатыр теледидар алдында,

Анам болса тамақ істеп, мен келед деп тағы да…»

Еламан Юсуп алғаш жариялаған «Мама» деген әуенді вайны осылай басталады. Бұл рилстан кейін әулеметтік желіде Еламанға тіркелгендер саны артып, видеолары миллиондап қарала бастады. Мәселен, мына видео 3,8 миллион рет қаралған. Жайдарманшының вайндары көптеп қаралу себебі — қазақ арасында кездесетін қарым-қатынасты көрсететінінде.

Жайдарманда Қасиет Кәрім деген ұстазымыз бар. Ол кісі бізге әзіл жазуға көмектеседі. Бір күні ағаға хабарласып, Instagram-ға арнап не түсіруге болатынын сұрадым. Қасиет аға осындай әуенді вайн түсіріп көр деді. Мұндай стильді Қазақстанда әзір ешкім бастап көрмепті. Негізі вайнның бұл түрі шетелде бар екен. Дегенмен олар біз сияқты арнайы түсірмейді, битке түсіп әуезімен айтпайды. Фон қойып, әңгімесін рэп сияқты оқиды, — дейді Еламан Юсуп.

Қасиет Кәрім о баста бұл жұмыс қиын екенін ескертіпті. Әнге икемді болу керек, актерлық қабілет те қажет, мәтінін жақсы жазып беретін адам табатыны бар. Қысқасы, бір адам бітіретін жұмыс емес — команда қажет.

Тәуекел деп белді бекем будым. Сөйтіп, айтыскер ақын Медеу Мырзатай деген досыммен сөйлестім. Екеуіміз студент кезден доспыз. Идеямды айтып, «сюжетіне көмектесіп отырамын, ұйқасын өзің келтір» деп қолқа салдым. Айтыскер ақындар мұндай өлеңге шала дүние деп қарайды ғой. Медеу де «Айтыскер ағалары не дер екен?!» деп тартынды. Шумақты бәрін мақаммен, буынмен өлшегендіктен, басында жаза алмай қиналды. Арасында «болды, қоя салайық» дейміз де, қайта кірісеміз. Не керек, «Маманы» бір апта жаздық. Вайндардың музыкасын интернеттен аламыз, — дейді вайнер.

Команда вайн дайын болғанда, желіге салмас бұрын көп мәрте қайталап қараған. Өйткені онда Еламан ана болып тұрған образы бар, соған сын келуі мүмкін. «Бұл вайн өте ме?!» деп қорыққаны тағы бар. Әйтеуір дегенде желіге жариялапты. Видео сәтті шығып, аз уақытта жылдам тарап, көп қаралған.

Идея авторы — Қасиет Кәрім, команда демеушісі — Асхат Олжабай, мобилограф — Эльбрус Алтынбай, мәтінін Медеу Мырзатай жазып жүр. Еламан Юсуп командамен бірге «Әпке», «Тезірек үйлен», «Қарызсыз өмір сүрейікші», «Көлік алғанда» сияқты да әуенді вайндар шығарды.

Мысалы, «Әпке» баласын демалыс күні інісіне қалдырып, тез келем деп кетіп қалатын әпкелер туралы. Әпкелер басында әп сәтте оралам дегенімен, баласын түннің бір уағында әкететін болып шығады. «Көлік алғанда» әуенді вайнында көлігі бар жігіт туыс-туғанға, дос-жаранға тегін шопыр болып кететіні айтылады. Ақыры соңында жаяу жүретін кезін сағынады. Еламан алдағы уақытта танымал әзілкештермен бірге вайн түсірмекші.

Әр вайнда ой қалдыратын немесе жақсылыққа шақыратын түйін айтып, аяқтаймыз. Аптасына екі вайн түсіреміз. Халық өмірін өзіне вайн қылып қайтарып жүрміз. Ақырындап жарнама ала бастадық. Жарнама бергісі келетін компаниялар видеода бастан-аяқ өзінің өнімі туралы айтқанымды қалайды. Алайда ол дұрыс емес, көрерменді жалықтырады. Видеода өнімі бір рет көрсетілсе болғаны, қазіргі жарнама беру тәсілі сондай, — дейді өзі.

Жайдарманға алғыс

жайдарман, Есен Елеукен
Фото Еламан Юсуптың жеке архивінен алынды

Жайдарман бізге бәрін үйретті. Ән шырқаймыз, әзіл айтамыз, билейміз, актерлық қабілетті, сахна мәдениетін үйрендік. Сондықтан Жайдарманға да, басшысы Есен Елеукен ағаға да алғысым көп, — дейді жайдарманшы.

Еламан әуелде әлеуметтік желіге Жайдарман ойнаған видеоларын салып жүрген. Жұртқа «өтіп» тұрғанымен, қазіргідей танылып кеткен жоқ.

Істеп жатқан ісіміздің нәтижесі болса, берекесін берсе деп армандап, күттік. Сол үшін Тараздағы тұрмыс-тіршілікті көрсететін «Движуха» деген сериал түсірдік. Одан кейін «7262» деген де сериал түсіріп көрдік, дегенмен өте аз қаралды да, түсірілімді тоқтаттық. Сонша еңбектенгенде «өтпей» қалғаны сағыңды сындыра жаздайды. Дегенмен жақсы тәжірибе жидым, — дейді Еламан.

Фото Еламан Юсуптың жеке архивінен алынды

Еламан бір күні жайдарман ойнап жүргенде «Фемида-Ақтөбе» деген команда капитаны Есет Мұрзағазиевті дәлізден көріп қалған. Ол Еламанды «НТК» арнасындағы Ұnight-шоуға шақырған.

Есет аға шақырғанына қатты қуанғаныммен, сонша қорықтым да. Өйткені бұл шоу тапқырлыққа, нағыз суырып салып сөйлеуге арналған. Әзілкештің сыналатын жері. Сөйтіп, эфирге шығып, жап-жақсы танылып қалдым. Дегенмен шоудың келесі маусымы болмай, ол да тоқтады. Әрі қарай Жайдарман ойнап жүре бердік, — дейді Еламан.

«Киноға түссем…»

Еламан Шу қаласында дүниеге келген. Қазір әке-шешесі Балқаш жақтағы Приозерск деген қалада тұрады. Өзі де сол қалада мектеп оқығанымен, университетке түсу үшін Таразға қайтып барған. Таразда оқып жүріп, Жайдарман ойнап, үлкен сахнаға шыққан.

Фото Еламан Юсуптың жеке архивінен алынды

Қазір жасым 26-да. Осы уаққа дейін әзілдің соңынан келе жатырмын, одан басқа жұмыс істемегенмін. Ата-анам да, аға-жеңгем де әлі күнге дейін мені қолдап, демеуші болып жүр. Әуенді вайндар шығарар алдында жаңа жылды қарсы алуға ата-анама барып қайттым. Оларды «сұмдық идеям бар» деп қуантып кетіп едім, — дейді Еламан.

Сөйтіп, Еламанның идеясы расымен жүзеге асып, халыққа танылып кетті. Еламан Юсуп бала күнінен актер болуды армандапты. Қазнетке жаңа стильмен шыққан жайдарманшыны енді кинодан көреміз деп сенеміз.

Exit mobile version