Нарықта салмағы бір келіге де шықпайтын жеп-жеңіл, қуаты ұзаққа жететін және ең бастысы жасанды интеллект мүмкіндіктері қосылған ноутбук бар. Бұл – ASUS Zenbook A14. Мобилограф, сценарист Алим Құттыбек құрылғыны бірнеше күн қолданып көріп, Baribar.kz-ке құрылғының қаншалық ұнап-ұнамағанын айтып берді.
«Жұмысымды өнімді әрі сапалы ету үшін ноутбук керек»
21 жастамын. Алматы энергетика және байланыс университеті, «электроинженерия» мамандығының студентімін. Қазір мобилограф, контентмейкер, сценарист болып істеп жүрмін. Дәл қазір жеке ноутбугым жоқ. Ал жұмысымда көбіне смартфон қолданамын. Дегенмен кейінгі күндері жұмысымды өнімді әрі сапалы ете түсу үшін ноутбук керек екенін байқадым. Сол себепті өзіме жаңа құрылғы алсам деп жоспарлап жүрмін.
Ноутбук сатып алмай тұрып, оның өнімділігіне, жадына және қуатына мән беремін. Оған қоса жақындарым мен таныстарымнан «Қандай ноутбук жақсы? Қайсын алған дұрыс?» деп сұраймын. Кейде ноутбук түрлері туралы интернеттен ақпарат іздеп, біліп аламын, ал кейде техника дүкенінің сатушысының ақыл-кеңесін тыңдаймын. Дегенмен осы жолы ноутбукты сатып алмай тұрып, оны бірнеше күн тестілеп көрудің сәті түсті. Қолыма тиген құрылғы – ASUS Zenbook А14.
Дизайны мен сырт көрінісі
ASUS Zenbook 14 ноутбугы «минимализм» стилінде өте әдемі әрі шағын етіп жасалған екен. Жеп-жеңіл, салмағы бір келіге де жетпейді. «Жаңа ноутбук болған соң, маған солай көрініп тұрған шығар» деп ойладым да, кеңседегі басқа құрылғылармен салыстырып көрдім. Шынымен, жеңіл екен. Ноутбуктың бұл тұсы ұнады. Себебі мобилограф болғандықтан осыған дейін смартфонмен ғана жұмыс істеген соң, қанша қажет болса да, өте ауыр құрылғыны көтеріп жүргім келмейді. Ал мынадай нұсқадағы ноутбукты алуға болады екен.
Ноутбукты бір саусақпен-ақ оңай ашып-жабуға болады.
Ноутбуктың екі түстегі нұсқасы бар екен: сұр және ашық қоңыр. Компания «сұр түстегі ноутбук Исландиядағы таулар мен өзендерді, ал ашық қоңыр түстісі күн сәулесінен түсетін жылуды сипаттайды» деп жазыпты. Шығармашыл адам ретінде олардың бұл идеясы ұнады, ерекше әсер қалдырды. Шынымен де, өте әдемі әрі өзіміз айтпақшы, «қымбат көрінеді».
Ноутбук Ceraluminum деген материалдан жасалыпты. Соның арқасында ол жеңіл, бірақ берік. Бұл материалдан жасалған құрылғылар сырыла салмайды, соққыға төзімді деп естігенмін.
Желдеткіші мен қуаты
Видеоны көбіне смартфон арқылы түсіремін. Монтажын Capcut-пен жасаймын. Бірақ ноутбук арқылы жасаған әлдеқайда ыңғайлы және онда жүктеуге болатын бағдарламалардың мүмкіндігі көп. Мәселен, ноутбукпен монтаж істегенде Capcut және Premier Pro бағдарламасын қолдануға болады.
Мен түсіретін видеоконтенттің форматы әртүрлі. Кейде 15 секундтан аспайтын, кейде үш минуттық видео жасаймын. Түсіру бір бөлек жұмыс та, оның монтажын жасау басқа жұмыс. Монтаждағанда барынша ұқыпты болған дұрыс. Себебі әр миллисекундтағы кадрлар маңызды. Оны үлкен экранға қосып қойып, асықпай жасаған жөн.
Кейде монтаж жасаймын деп түнімен отырамын, көп уақыт арнаймын. Мұндай кезде менің ғана емес, құрылғымның да қуаты таусылмауға тиіс. Сол себепті қуаты ұзаққа жететін ноутбуктарды мықты деп санаймын. Мәселен, ASUS Zenbook A14 қуаты 32 сағатқа дейін жетеді екен. Әрине, ауыр бағдарламаны қолданғанда, бұдан сәл аз болуы мүмкін. Десе де жаман көрсеткіш емес. Аккумуляторының сыйымдылығы – сағатына 70 Вт. Ал қуаты бітсе, қуаттағышы 49 минутта 60%-ке толтырып бере алады.
Ноутбук алдына бір отырсам, оны ұзақ қолданамын. Соның салдарынан ноутбук тез қызып кетуі мүмкін. Осы тұста маған Zenbook A14 желдеткішінің өте сапалы етіп жасалғаны ұнады. Ноутбук ыстық ауаны сыртқа тез шығарып отырды.
Жалпы сипаттамасы және экраны
ASUS Zenbook A14 Windows 11 Pro жүйесі бойынша істейді. Процессоры – Snadragon X, нейропроцессоры — 45 TOPS, жады – 32 ГБ-ға дейін. Бұл ноутбуктың өнімділігі жоғары деген сөз. Ал экраны – 14 дюйм, ASUS Lumina OLED. Ноутбук экраны бейнені өте анық, қанық етіп көрсетеді екен. Меніңше, бұл — ең маңызды артықшылығы.
Мәселен, мен қазір түрлі ірі компанияның коммерциялық контентін жасаймын. Клиентке әуелі жұмыстарымды көрсетіп аламын. Мына ноутбук арқылы презентация жасасаң, оның экраны контентті барынша анық әрі сапалы етіп көрсетіп береді. Уайымдамайсың. Монтаж жасағанда да қай түстің қалай көрініп тұратынын алдын ала біліп отырасың. Меніңше, мен сияқты шығармашыл адамдар үшін экранның сапалы болғаны маңызды.
Жасанды интеллект мүмкіндіктері
Студентке сабаққа қатысты презентацияларды, құжаттарды, рефераттарды ноутбук арқылы істеген ыңғайлы. Ал жұмыста тек видео түсірмей, әуелі оның сценариін жазамын. Мұның бәріне экраны кең әрі көзді ауыртпайтын, тачпадын басқан жағымды және үлкен, пернетақталары сезімтал, жады көп құрылғы қажет. Қазір, әрине, барлық дерлік компания ноутбуктың бұл тұсын жақсы етіп жасауға тырысады. Дегенмен ASUS Zenbook A14-тің назарымды аударған ерекше тұсы – оған жасанды интеллект мүмкіндіктерінің қосылғаны.
Бірнеше қызметін байқадым:
Біріншіден, виртуал көмекшің болады екен. Ол керек ақпаратты тауып беруге, контентті түрлендіруге, құжаттарды реттеуге көмектеседі. Оған қоса Copilot+ бар. Ол да құрылғыдағы түрлі ақпаратты, видеоны, фотоны табуға жәрдемдеседі. Мәселен, мен өте көп фото, бес-алты секундқа қана созылған жүздеген видео түсіремін. Осындай көп контент болғанда, сүзгілеуге көмек беретін функцияның болғаны тиімді.
Екіншіден, ноутбуктың видеоны автоматты түрде жасап беретін қызметі бар екен. Кейде тез арада видео жасап, жариялау керек. Мұндай кезде видеоның сапасы, монтаж эффектісі емес, жылдам жасалғаны қажет. Осындай сәтте құрылғының осы функциясы көмекке келетіні жақсы екен.
Үшіншіден, смартфон мен ноутбугыңды байланыстырып қоюға болады. Ноутбукпен жұмыс істеп отырғанда біреу қоңырау шалса, телефонға жүгірмей, дәл осы ноутбук арқылы қоңырауға жауап беріп, сөйлесе аласың. Дәл солай хат алмасуға да болады.
Төртіншіден, видео контенттің тілін аударып беретін аударма қызметі бар. Мәселен, өзіңе қызық әрі пайдалы видео мен білмейтін испан тілінде болса, оны қазақ, орыс не ағылшын тіліне аударып береді. Бұл әлемнің кез келген тілінде білім алуға да көмектеседі.
Бесіншіден, ноутбукқа артық фонды өшіретін, түрлі идея беретін әртүрлі бағдарлама, видеоқоңырауды сапалы ететін қызметтер қосылған. Бұл да құрылғының артықшылығы дер едім.
Қорытындыласақ, ASUS Zenbook A14 ноутбугын кез келген жастағы адамға ыңғайлы ноутбук дер едім. Оның мынадай артықшыларын айтуға болады:
- жеңіл әрі сәнді;
- экраны сапалы;
- желдеткіші жақсы істейді;
- қуаты ұзаққа жетеді;
- жасанды интеллект мүмкіндігі көп.