Парламент сенатында көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері бойынша үкімет сағаты өтті.
Әр көктемді уайыммен күту біздің әдетімізге айналды. Былтыр естен кетпейтін апатты бастан кештік, қарғын су қарқыны қатты болды. Қаншама үй, жол, көпір, әлеуметтік-коммерциялық нысандар зардап шекті. Мыңдаған отбасының шырқы бұзылды. Бұл зиянның бір парасы ғана. Президенттің араласуымен шұғыл шаралар қабылданды. Үйлер салынды, зардап шеккендерге көмек көрсетілді, инфрақұрылым қалпына келтірілді. Бизнес те өз көмегін аямады. Дегенмен, су тасқынына толығымен дайын болғанымызда көбінің алдын алуға болар еді. Егер жыл сайын тасқынның себебімен емес, тек салдарымен күресе берсек, бізге ешқандай бюджеттің ақшасы жетпейді, — деді сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде көктем келмей жатып, Ресейдің кей өңірінде су тасқыны басталып жатыр.
Қазір сіздер былтырғы еңбекті айтуға тырысасыздар, оның бәрін естідік, білеміз. Басты назар превентивті шараларға арналсын. Жалпы, батылдықпен, қайсарлықпен, ерлікпен апатпен күрескеннен гөрі оны болдырмау әлдеқайда маңызды. Сонда халқымыз да қиналмайды, артық күш те жұмсамаймыз, қосымша қаржыны талап етпейміз, — деді сенат төрағасының орынбасары.