Қазақстанда республикалық маңызы бар 4,7 мың шақырым жол салынады. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлап отыр.
Оның 3,7 мың шақырымы I санатты, ал қалған 1 мың шақырым II санатты жолдар болады. 2025 жылы құрылысы басталатын жобалар:
- «Ақтөбе–Ұлғайсын» (234 шақырым),
- «Қарағанды–Жезқазған» (572 шақырым),
- «Сарыағаш қаласының айналма жолы» (102 шақырым),
- «Қызылорда қаласының айналма жолы» (20 шақырым),
- «Атырау–Доссор» (86 шақырым),
- «Рудный қаласының айналма жолы» (16,9 шақырым),
- «Жаңаөзен–Кендірлі» (156 шақырым),
- «Петропавл қаласының айналма жолы» (8 шақырым).
- 2025 жылы жаңа жол жобаларын іске асыру аясында 31 мың жұмыс орны ашылып, қосымша инвестиция тартылады.
Биыл Достықтан Мойынтыға дейін теміржолдың құрылысы аяқталады. Учаскенің өткізу қабілеті бес есе артады. Сонымен қатар биыл Алматыны айналып өтуге мүмкіндік беретін темір жолдың құрылысы аяқталады. Бұл аймақтағы теміржол желілеріне түсетін жүктемені азайтуға ықпал етеді.
«Дарбаза-Мақтаарал» жобасы Оңтүстік Қазақстан өңірін халықаралық транзиттік дәліздерге жалғайды.
2024 жылы құрылыс, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстарының жалпы көлемі 12 мың шақырым жолды құрады. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Жол құрылысы маусымында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңғырту және жөндеу жобаларына 25 мыңнан астам адам мен 10 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды, — делінген хабарламада.
7 мың шақырым жолдың құрылысы аяқталды. Атап айтқанда, Қарағанды–Алматы, Талдықорған–Өскемен, Ақтөбе–Қандыағаш және Атырау–Астрахан күре жолдарындақұрылыс жұмысы бітті.
Жол-құрылыс маусымына 200-ден астам отандық компания қатысты. Жол-құрылысына пайдаланылған материалдардың ішінде отандық өнімнің үлесі шамамен 96% болды.