Басты бет Жаңалықтар Алматыда заңсыз орнатылған 500-ге жуық дүңгіршек бұзылады

Алматыда заңсыз орнатылған 500-ге жуық дүңгіршек бұзылады

Фото: Алматы әкімдігі
Алматының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы 27 қаңтар мен 17 ақпаны аралығында стационарлық емес заңсыз сауда нысандарын бұзу жұмыстарын жоспарлап отыр.

Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, қаланың барлық ауданында арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Олардың құрамына мемлекеттік мекемелердің, полиция департаментінің өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері кірді.

Сонымен қатар қала прокуратурасы көше саудасының заңдылығын қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейтті.

Бұзу барысында инженерлік-коммуникациялық желілерден, электр қуатынан және сумен жабдықтау жүйелерінен ажырату көзделген. Полиция департаменті аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, бұзу жұмыстары жүргізілетін орнында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Қазір мемлекеттік қордың жерінде 500-ге жуық заңсыз орнатылған дүңгіршек бар. Заңсыз орнатылған сауда нысандарының иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 200-ден астам нысан иесі жазбаша ескерту алды.

Айта кетейік, қалада 157 стационарлық емес сауда нысандарын орналастыруға арналған 142 орын бекітілген.

Exit mobile version