Биыл жеті елді мекенді газдандыруға арналған 45 жоба жүзеге асады. Оған 65,9 миллиард теңге бөлінді.
Бұл туралы энергетика министрлігі хабарлап отыр.
Нәтижесінде елді газдандыру деңгейі 62%-ке артып, 12,4 миллионнан астам адам газға қол жеткізеді.
Былтыр желтоқсанда үкімет Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында халықтың әлеуметтік осал топтарына тауарлық газға (24% дейін) жеңілдік түрінде атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін ұсыну бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Бұл 6 000-нан астам адамды қамтиды. Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша аталған тетік бүкіл ел бойынша енгізіледі, — делінген хабарламада.
Биыл «Талдықорған–Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталады. Ұзындығы 302 км магистральдық газ құбырының құрылысы жалғасуда. Нәтижесінде Жетісу облысының 66 елді мекенінде 124 мың адамды газбен қамтамасыз етіледі.
Қашаған кен орнының шикізат базасында жылына 700 мың тоннаға дейінгі көлемде сұйытылған мұнай газын өндіру жөніндегі технологиялық кешеннің құрылысы басталды. 2026 жылдан бастап сұйытылған мұнай газының қосымша көлемі халықты автогазбен қамтамасыз етеді және өңірде мұнай-газ химиясын дамытуға мүмкіндік береді, — дейді министрлік.