Абай облысы әкімінің орынбасары лауазымына Қанат Әділбай тағайындалды. Ол бұған дейін Аягөз ауданының әкімі болған.
Қанат Серікқанұлы 1972 жылғы 14 желтоқсанда Абай облысы Аягөз ауданы Аягөз қаласында дүниеге келген. Оқыған мамандығы – инженер-экономист, экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1996 жылы Семей қаласы бойынша салық инспекциясының заңды тұлғалардың салық салу бөлімінің бірінші категориялы маманы болып бастады.
Ұзақ жылдар бойы Семей қаласының салық комитетінің төрағасы болып жұмыс істеп, кейін қаржы министрлігінің жүйесінде еңбек етті.
2019-2021 жылдар аралығында Семей қаласы әкімінің бюджетті қалыптастыру және атқару, несие және кеден саясаты, банк мекемесі, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, ветеринария, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, байланыс, туризм және сауда, еңбек инспекциясы мен қоршаған ортаны қорғау салалары жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Сонымен қатар «АКМ Стройсервис» ЖШС директоры болды.
2023 жылдан осы уақытқа дейін Аягөз ауданының әкімі лауазымын атқарған.