БҚО-да ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Бұл туралы БҚО әкімдігі хабарлап отыр.
Шара барысында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті алаңында ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылып, ғимараттың фойесінде ауыл шаруашылығы саласының жетістіктері бойынша стендтер орналастырылды.
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттiк қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, өңір экономикасын дамытуда және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда жетекші күшке айналып отыр.
Бұл бағытта бүгінгі күні жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ауыл шаруашылығында еңбек ететін еңбеккерлеріміз осы саланы дамытуға сүбелі үлес қосып келеді.
Биылғы жылғы жеткен жетістіктерге атсалысып, аянбай тер төккен бір қатар еңбеккерлер Қазақстан Республикасының ведомстволық «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгілерімен, Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы және әр түрлі номинациялар бойынша облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Наградалардыды әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов табыс етті.
Жалпы, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде өткен жылы 6 млрд. теңге, ағымдағы жылы 5 млрд. теңге қаражат бөлінді.
Өткен жылғы 6 млрд. теңге өңіріміздегі 4 сүт-тауарлы фермаларын («Арыстанов» ШҚ, «Аманат» ШҚ, «Төленгіт» ШҚ және «Ringo Milk» ЖШС) қаржыландыруға бағытталса, ағымдағы жылы бөлінген 5 млрд. теңге сүт фермасын («КТК888» ЖШС), көкөніс қоймасын («Baystoun» ЖШС) және мал азықтық дақылдарын өндіру үшін суармалы жерді айналымға енгізу («Аманер IZI» ЖШС) жобаларына бағытталды.
Аталған жобалар іске қосылғаннан кейін өңіріміздегі сүт және сүт өнімдеріне деген қажеттілігіміз 11,4 мың тоннаға азаятын болады. Қазіргі кезде облыс халқына жылына 112 мың тонна сүт қажет болса, қамту үлесі 22% немесе 25 мың тоннаны құрайды.
Айта кететін жайт, жеңілдетілген несие тауарөндірушілерге жылдық 2,5%-пен 10 жыл мерзімге берілді.
Несиелеу бағдарламасына енген өзгерістерге сәйкес тауарлық сүт фермаларын, етті бағыттағы құс фабрикаларын, көкөніс, жеміс сақтау қоймаларын, суармалы егіншілік, өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын құру жобаларымен қатар, етті бағыттағы мал шаруашылығы кәсіпорындарын, қой шаруашылықтарын, ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде жүн мен теріні терең өңдеу кәсіпорындарын, балық және басқа да су жануарларын өсіретін балық өсіру шаруашылықтарын құруды қаржыландыруға мүмкіндік береді.