Басты бетЖаңалықтарАстанада полиция...

Астанада полиция қызметкерлері насыбай саудасына қарсы дүкендерге рейд жүргізді

Астана қалалық әкімдік қызметкерлері полиция өкілдерімен бірлесіп, насыбай саудасын тоқтату үшін азық-түлік дүкендері мен сауда нүктелерін тексерді.

Бұл туралы Астана әкімдігі хабарлады.

Қазақстанда 2015 жылдан бастап насыбай өндіру мен тасымалдауға тыйым салынған. Дегенмен биылғы жылға дейін насыбай қолданушылардың қатары айтарлықтай көбейді. Атырауда өткен ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев насыбайдың адам денсаулығына зиянды екенін айтып, қатаң шектеу қоюды тапсырған. 2024 жылдың наурыз айынан бастап елімізде насыбай сатушылар мен өндірушілерге қатаң тыйым салынды.

30 мамыр күні Астана қаласы Нұра ауданы полиция департаментінің қызметкерлері тұрғын үй кешендері маңында орналасқан дүкендерге тексеріс жүргізді.

Нұра ауданы бойынша 207 азық-түлік дүкендерін тексеріп, рейд жүргіздік. Соның ішінде 10 факт тіркеліп, насыбай өнімдері тәркіленді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 196-бабының 1-тармағына сәйкес айыппұл салынды. Көбіне дүкен иелері тыйым салу туралы шектеуге дейін сатып отырған. Кейін заң жүзінде тыйым салынғандықтан қолда бар өнімді сатуды тоқтатпаған. 96 мың айыппұлдың жартысын бір апта көлемінде төлеген кісілер болды. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған дүкендер насыбай саудасын тоқтатқан. Жаңадан ашылған дүкендер қателесіп, сатып жатады. Оларға бірден ескерту жасап, алдын аламыз, — дейді Нұра аудандық ішкі істер басқармасының полиция капитаны Әлішер Халықбердиев.

Полиция өкілінің айтуынша, апта сайын әкімдікпен бірлесіп, профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Тұрғындар мен жасөспірімдерге ескерту жасалады.

Рейд барысында бірнеше азық-түлік дүкенін аралап, дүкен иелерінен алып-сату фактілері туралы сұрақтарға жауап алды.

рейд, темекі насыбай
Фото: Астана әкімдігі

Біз заң шыққан кезден бастап сатуды тоқтаттық. Қазір көбіне құрылыс жасайтын азаматтар сұрап келеді. Оларға сатылмайтынын айтып, түсіндіреміз, — дейді дүкен иесі.

Әкімдік қызметкері насыбай саудасына тыйым салынғаннан кейін шегілмейтін темекі өнімдері қолданатындардың саны азайғанын айтады. Ол елорданың белсенді жастары мен еріктілері профилактикалық шараларға қатысып, тұрғындарға зиянды өнімдердің кері әсерін түсіндіріп отыратынын атап өтті.

18 наурыз бен 30 мамыр аралығында «Нұра» ауданы әкімдігі аппаратының кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері полиция басқармасымен бірлескен рейд өткізді. Іс-шара барысында Асфендияров көшесі, Анет баба көшесі, Сығанақ көшесі, Роза Бағланов көшесі, Ұлы дала даңғылы, Нарықбаев көшесі, Тұран даңғылы, Қайым Мұхамедаханов көшесі, Отырар көшесі, Е-15 көшесі, Бұқар Жырау көшесі және Үркер көшесі көшелерінде орналасқан 227 дүкен бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 10 дүкен ӘҚБтК-нің (ӘҚБтК) 196-бабы бойынша 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді «Нұра» аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Бектемір Жолжасқажиев.

Насыбайды жиі қолдану психотропты өнімдерге деген қызығушылықты оятады. Қоғамда насыбайды қолданудың еш зияны жоқ деп ойлайтындардың қарасы көп. Нарколог дәрігерлер мен мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Насыбай есірткінің бір түрі екенін және бауыр церрозы, гепатит, тіпті соңы қатерлі ісікке шалдықтыратынын айтады.

Айта кетейік, бұған дейін елордада құны 50 миллион теңге болатын 10 тонна насыбай өртелген.