Басты бет Жаңалықтар Елімізде Халықаралық аналар күні 12 мамырда атап өтіледі

Елімізде Халықаралық аналар күні 12 мамырда атап өтіледі

Қазақстанда Аналар күні биыл бірінші рет жаңа датада атап өтілетін болды. Бұған дейін 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне кірістіріліп, одан қала берді қыркүйекте тойланып келген еді.

Енді Аналар күні ретінде мамырдың екінші жексенбісі бекітілді. Демек, осы жылы 12 мамырда аналарымызды құттықтасақ әбден болады деген сөз. Осыған орай Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы мен Qazaqstan Jastary ҚҚ Достық үйінде дөңгелек үстел ұйымдастырып, отбасылық мәселелерді ортаға салды.

Елімізде Халықаралық аналар күні 12 мамырда атап өтіледі

«Қазақстан Орталық Азия аумағындағы, тіпті әлем елдері ішінде атам заманнан анаға тағзым білдіріп, оның отбасындағы орны ерек деп есептейтін елдердің бірі деп әбден айта аламыз. Оған дәлел ретінде қаншама мақал-мәтелді келтіре аламыз. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген бар. Бұл сөздің растығын қазір қоғамның барлық саласында дерлік белсенді қызмет етіп жүрген әйелдерге қарап-ақ біле аламыз. Қазақ қай кезде де ананың рөліне баса мән берген. Бала тәрбиесінде де орны үлкен екенін байқап, білімі алуына көңіл бөлген. «Ана тілі» деп айтқанның астарында да бала анасының тілінде сөйлейтіні жатыр емес пе? Сондықтан осындай аталы сөздерге қарап-ақ, терең пәлсапа құрса болады. Көбі қазір патриархал қоғамда өмір сүріп жатырмыз деген пікірді ұстануы мүмкін. Әйтсе де, ананың отбасындағы рөліне баға жетпейді. Ол анық» — деп дөңгелек үстелде сөз бастады Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова. Әйтсе де, ананың отбасындағы рөліне баға жетпейді. Ол анық» — деп дөңгелек үстелде сөз бастады Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова.

Дөңгелек үстелге кәсіби медиаторлар, психологтар мен татуластыру орталықтарының мамандары қатысып, қызу талқы жасады. Ақмола облысындағы Аршалы аудандық сотының төрайымы Айгүл Молдыбаева өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі ана рөлі туралы ой бөлісті.

«Мұндай мерекені ерекшелеп атап өткеніміз өте дұрыс. Себебі расында қоғам үшін ана берген тәрбие аса маңызды. Қазір қоғамда резонанс тудырған сот отырыстары ашық өтетін болып жүр. Мұны да алға жылжу деуге болады. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заңға өзгерістеріп енгізіліп жатыр. Осы бағытта жұмыс істей береміз. Әрине, бір тарапты аспандатамыз деп, екінші жақты кемсітуге болмайды. Өйткені отбасы құндылығына сай, бір шаңырақта әке де, ана болуы керек. Болашақ ана да, әке де, әйел де, күйеу де анадан таралады. Тіпті тәрбие беру бала құрсаққа біткен сәттен басталады деп жатамыз. Аяғы ауыр кезде әйелдің күйі жақсы болса, шарананың да халі жақсы болады. Сондықтан әйелдің эмоциялық, моральдық жағдайына мән беру керек. Отбасын сақтау мәселесінен бөлек, саналы қарым-қатынас жасау да маңызды. Яғни отбасы институтына назар аудару қажет. Бала отбасында қандай қарым-қатынас көріп өссе, өзі шаңырақ құрғанда көбіне сондай қатынас жасайды. Қоғамда қазір байқалып жатқан қандай мәселе болсын, түбіне терең үңілгенде бала кезден басталған болып шығады. Жүргізуші куәлігін алу үшін оқу керек, мамандық алу үшін оқу керек. Ал отбасын құру үшін де дәл солай еңбек етіп, іздену керегін біле бермейміз. Ол — үлкен жауапкершілік. Бір-бірін өзгертеуге тырыспай, ортақ тіл табысуға тырысқан дұрыс. Татуластыру орталықтарына келген жұптарды жан-жақты қарастырып, үңілеміз. Ол өте маңызды» — дейді Айгүл Елубайқызы.

Айта кетсек, елімізде мамыр — мерекеге толы ай. Алғашқы жұлдызынан бастап, орта тұсына дейін бірнеше атаулы күн бар. Десек те, Аналар күнінің жөні бөлек. Әрі әйелдер мерекесінен бөлек, жеке дара күн ретінде атап өтудің де маңызы зор.

Exit mobile version