4 өңірдің жол бөліктерінде көліктердің қозғалысына шектеу қойылды

Еліміздің төрт өңіріндегі жолдарда ауа райына байланысты көлік қозғалысы шектелді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» хабарлады.

1. 2024 жылғы 28 наурызда сағат 20.30 шамасында қардың көптеп еруіне байланысты және көлік құралдарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін «Қарағанды-Аягөз-Боғаз» республикалық автожолының 707 шақырымынан 941 шақырымына (Аягөз қаласынан Боғаз ауылына) дейінгі аралықта барлық көлік құралы үшін қозғалысқа шектеу қойылды.

2. 2024 жылғы 28 наурызда сағат 20.50 шамасында көпірге қарай жолдың ішінара бұзылуына байланысты «Самара-Шымкент» автожолының 965 шақырымынан 1 240 шақырымына дейінгі аралықта барлық көлік құралының қозғалысына шектеу енгізілді (Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысының шекарасына дейін).

3. 2024 жылғы 28 наурызда сағат 21.00 шамасында Ақтөбе облысында көлік қозғалысының шектелуіне байланысты Қызылорда облысында «Самара-Шымкент» автожолының 1 240 шақырымынан 1 357 шақырымға дейінгі аралығында көліктердің барлық түрі үшін қозғалысқа шектеу қойылды (Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейін).

4. 2024 жылғы 28 наурызда сағат 21.00 шамасында Қарағанды облысында қар еріп, судың шамадан тыс көбеюіне байланысты және көліктің қозғалысына қауіп төнуіне байланысты Астана-Қабанбай батыр-Нұра-Теміртау автожолының 147-шақырымнан 166-шақырымына дейінгі аралығында барлық көлік құралының қозғалысына шектеу қойылды (Алғабас ауылынан Ақмешітке дейінгі учаске).