Логика, талпыныс, бірлік: Huawei ICT байқауына қатысқандар маңызды жүлде ұтқанын айтып берді

Биыл Huawei компаниясы ұйымдастырған Ақпарат-коммуникация технологиялары (AКT) халықаралық сайысында Қазақстаннан екі топ жүлделі орын алды. Бір команда 1-орын иеленсе, елімізден қатысқан екінші топ 3-орын алды. IT жүлдегерлерінің жасы – небәрі 20-22-де. Олар байқау маман болып қалыптасуға көмектесті және көп дос, әріптес таптық дейді. Команда болып жұмыс істегенді жақсы көретін болашақ IT-мамандар Baribar.kz тілшісіне жұлдызын жаққан байқау туралы айтып берді.
Аида Бегайдарова, 20 жаста. ҚазҰУ-дың 4-курс студенті:

Huawei ICT байқауы туралы кафедра меңгерушісі мен аға оқытушысы айтты. Олар байқаудың ережесін түсіндіріп қана қоймай, қатысуға шабыттандырды. Содан бағымды сынап көрейін деп кірістім. Бұл инженерлердің байқауы болғандықтан, оған дайындалу үшін білімге деген талпыныс қажет. Өйткені көп нәрсені оқып шығып, құрал-жабдықпен жұмыс істеуді үйрену керек. Әрине, мұның бәрі сабырлы болуды және ішкі күш-жігердің мықты болуын талап етеді.
Бұл жерде Huawei AКT академиясының нұсқаушыларының ықпалы үлкен. Олар бізге бағыт-бағдар көрсетті. Көбіне осы жарыстың бізге, жастарға берер мүмкіндігін түсіндірді. Мысалы, байқаудан соң Huawei компаниясында инженер болып жұмыс істеуге болады. Оған қоса жарысқа қатысып, ел көріп, жер көріп, түрлі адаммен танысуға мүмкіндік бар. Осы жарыстан алған білім мен тәжрибені қазір жұмысымда қолданып жүрмін. Қазір 4-курста оқимын және IT-компанияда жұмыс істеймін. IT-ді өте заманауи мамандық деп білемін. Сол үшін таңдадым. Өзіме қатты ұнайды.
Аида Бегайдарова
ҚазҰУ-дың 4-курс студенті
Былтыр осы байқаудың басқа бағытына қатысқан едім. Биыл да бақ сынап жатырмын. Бұл жолғы екі іріктеуден сәтті өтіп, халықаралық турға дайындықты бастап кеттік. Ол жерде Қазақстаннан бастапқы үш орынды алған студенттер команда болып, білімімізді көрсетеміз.

Негізі жалғыз жұмыс істеудің де, команда болып жұмыс істеудің де артықшылықтары бар. Әрине, жалғыз өзің жұмыс істеу жеңілірек. Алайда үлкен жобаларды басқа адамдармен бірлесіп жасаған жөн. Командамен жұмыс істеу hard skills-ті ғана емес, soft skills-ті де талап етеді.
IT саласындағы гендер мәселесіне алғаш рет 3-курс оқып жүргенде кезіктім. Топта жалғыз қыз едім. Оқытушым «Қыздар техникалық маман иесі бола алмайды. Ондай жұмыс қыздардың қолынан келмейді» дейтін. «Сонда қыздардың қай жері кем?» деп ойладым. Одан кейін Huawei-дің ұйымдастыруымен өткен Seeds tour-ға, Women leadership roundtable конференциясына, кафедра өткізген Women in engineering, Women in tech сияқты іс-шараларға қатысып, әлемде осы салада жүріп жетістікке жеткен әйел адамдардың бар екенін білдім. Оларды көріп, құлшынысым артты. Сонда қыздардың кез-келген салада жетістікке жете алатынына көзім жетті. IT салаcы одан сайын ұнай бастады. Бұл салада қыздарға шектеу жоқ. Тек өзіңе сенімді болып, таптаурындарға мән бермеу керек деп ойлаймын. IT саласына келіп жатқан студенттерге уақытты дұрыс жоспарлаңыз және мүмкіндіктерден ешқашан бас тартпаңыз дер едім.
Аида Бегайдарова
ҚазҰУ-дың 4-курс студенті
Николай Жиляков, 22 жаста. Алматы Энергетика және байланыс университетінің 4-курс студенті:

Университетімізге Huawei компаниясының өкілдері келіп, компания жұмысын таныстырды және осы байқау туралы айтып берді. IT саласына қызығып, бәрін өзім үйреніп жүргендіктен, маған осындай байқау қажет деп ойладым. Соңында командамызбен жүлделі орын алдық, нәтиже көрсеттік. Байқауда қызығу, еңбекқор әрі табанды болу сияқты қабілеттерімді сынай алдым. Осы қабілеттер маған жеңіске қадам жасауға көмектесті.
Huawei байқауының арқасында қажет курстар мен материалдарды тегін алуға болады. Сонымен қатар біліміңді растайтын халықаралық сертификат беріледі. Байқаудың өзі академияда алған білімің мен қалыптасқан қабілеттеріңді тәжірибе жүзінде сынап көруге жақсы. Оған қоса мұндай байқау әлемді көруге, көп адаммен танысуға, жаңа достарды өз еліңде ғана емес, шетелден де табуға, өзіңді көрсетіп, ашылуға, командада жұмыс істеп көруге мүмкіндік береді. Мұндай байқау аясында өзіңді маман ретінде танытып, компания мен ұйымдарға өзіңді ұсына аласың. Өз басым, жарысқа қатысып, көп жаңа мәліметті аз уақытта меңгеруді және командамен бірге жұмыс істеуді үйрендім.
Николай Жиляков
Алматы Энергетика және байланыс университетінің 4-курс студенті
Huawei ICT 2023-2024-те 3-орын алдым. Енді аймақтық турға баруға кірісіп кеттік. Онда білімімізді команда болып көрсетеміз.
Өзім техникалық ойлауға жақын болдым. Анализ жасап, түрлі есепті шешкенді ұнатамын. Сондықтан IT саласын таңдадым. Дегенмен маған командамен бірге жұмыс істеген көбірек ұнайды. «Біріккен бітіреді, ұйымдасқан ұтады» дейді ғой. Топ болып жұмыс істегенде өзің сияқты ойлайтын адамдардың ортасында боласың және оларға ойыңды ашық жеткізе аласың. Тапсырманы көп адам болып шешкен, нешетүрлі шешім ұсынған да күшті. Оның үстіне көп болып, бәрің бір мүддені қолдап, барыңды салып жұмыс істегенде өте жақсы нәтижеге жетуге болады. Команданың күші, әлбетте, бірлікте.
Даниял Сәрсенбай, 20 жаста. ҚБТУ-дың 1-курс студенті:

Байқау туралы өзімнің ICT сабағынан беретін инструкторымнан естідім. Ағайдың «Орын алып жатсаңдар, сабақта бонус балл беріледі» дегені есімде. Жасырмаймын, басында бонус балл қызықтырды. Бірінші турда университетте тестіден өттім. Шынымды айтсам, сұрақтар қиын көрінді. Кейін ҚазҰУ-ға барып, бүкіл республикадан келгендермен бірге тест тапсырдық. Мұндайға көбіне реалист болып қараймын, өтемін деп ойлаған жоқпын.

Кешке тест нәтижесі шықты, орташа ұпай алыппын. Көңілім аздап түсті. Бірақ ештеңе етпес деп ойладым. Кейін нәтижесі шыққанда қарасақ, алғашқы үштіктің ішінде екінші болып тұр екем. Қазақстан бойынша екінші орында тұрған есімімді көріп, әрине сене алмадым. Қуандым. Өзім – химикпін, бірақ IT байқауында үздіктер қатарына ендім. Негізі сұрақтар қиын болған еді, бұлай алдыңғы орынға шығамын деп ойламадым. Меніңше, маған көбіне логикалық ойлай алатыным көмектесті. Соны байқадым. Дегенмен біз Қазақстанның ішінде тестіден өтсек те, әрі қарай нәтижемізді шетелдегі аймақтық қатысушылармен салыстырады. Бұйырса, 18 желтоқсанда Бахрейн қаласына ұшамыз. Компания осы жаңалықты хабарлағанда ерекше қуандық, бір-бірімізді құттықтадық. Артынша дайындыққа кірісіп кеттік.
Байқау, біріншіден, көп тәжірибе болды. Екіншіден, қабілетімді көруге, қолымнан келетінін түсінуге мүмкіндік берді. Мамандығым – химия инженері. Бірақ ол жан-жақты болуға кедергі емес. Өзім IT cаласына қызығып, осы нәрсені қалаған соң, қолымнан келетініне көз жеткізгім келді. Командамен жұмыс істегенде топтағы әркімнің қабілеті, ойы, мықты және әлсіз тұстары болады. Алайда әрқашан да сапа болуы керек. Бұл бір-біріміздің әлсіз жақтарымызды мықты ету үшін қажет. Сондықтан маған топ болып жұмыс істеген ұнайды. Көріп тұрғаныңыздай, химик байқауға қатысып, нәтижеге жетіп жатыр. Демек, басқалардың да қолынан келеді. Тек қорықпай, алға ұмтыла беріңіздер дер едім. Алған беттен қайтпасаңыз, бәрі өзіңіз қалағандай болады.
Даниял Сәрсенбай
ҚБТУ-дың 1-курс студенті
Huawei АКТ байқауы бүкіл Ақпарат-коммуникация технологиялары академияларына қосылғысы келетін Huawei академиясы мен ЖОО студенттеріне арналған. Компания осы байқау арқылы студенттерге салауатты бәсеке мен идея алмасу алаңын жасағысы келеді. Сол арқылы жастардың АКТ саласындағы білімі мен практикалық дағдысын кеңейтуді, жаңа технология мен платформаларды қолдану арқылы инновация енгізу қабілетін арттыруды ниет етеді.

Байқау 2015 жылы алғаш іске қосылғаннан бері әлемнің 85 елі мен аймағынан 580 мыңнан астам студентті тарта алды. Қазір сайысқа 85 ел мен 2000-нан астам оқу орнынан 150 мың студент қатысады.
Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының қоғаммен байланыс бөлімі өкілі Ша На байқау басталғалы Қазақстаннан баратын студенттер қабілетін жақсы көрсетіп жүргенін айтады.
Huawei Ақпарат-коммуникация технологиялары байқауының ықпалы 2015 жылғы бірінші байқаудан бері тек өсіп келе жатыр. Оның ішінде Қазақстан студенттері жарыста әрдайым бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп келеді. Биылғы байқау барлық қатысушыға ұнады және олар үшін пайдалы тәжірибе болды деп сенемін. Осы жолы байқаудың Қазақстандағы алдын ала кезеңіне 2000-нан астам студент қатысты, 152 студент финалдық республикалық турға қатысуға мүмкіндік алып, оның 20-сы жүлделі орындарға ие болды. Енді алтауы желтоқсанның соңында аймақтық финалға барады. Бұл көрсеткіш тарихты тағы бір жаңғыртып, мақсатымызды айқындап тұр, - дейді Ша На.
Ша На
Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының қоғаммен байланыс бөлімі өкілі
Huawei 2026 жылға қарай жалпы саны 7 000 АКТ академиясын салуды, жыл сайын түрлі елде бір миллионнан астам студент оқытуды жоспарлап отыр. Бұл студенттердің цифрлық сауаты мен серпінді әрі инклюзив цифрлық әлем жасау дағдысын айтарлықтай жақсартады. АКТ байқауы – АКТ саласындағы таланттарды тәрбиелеуге арналған жетекші бағдарламаның бірі. Қазақстандағы АКТ академиясының бағдарламалары мен бәсекесіне биыл Сианьда Huawei директорлар кеңесінің төрағасымен кездесуінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары баға берді. Келесі жылы компания Қазақстанда таланттарды дамытуға көмектесу үшін жасанды интеллект саласындағы жобаларды жалғастырып, сол салаға көбірек күш салады.

МАҚАЛА HUAWEI ҚОЛДАУЫМЕН ӘЗІРЛЕНГЕН