Басты бетЖаңалықтарПолицейлер көші-қон...

Полицейлер көші-қон заңнамасын бұзған 600-ден астам адамды анықтады

Түркістан облысы полиция департаментінің көші-қон қызметінің қызметкерлері «Нелегал-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында 603 көші-қон заңнамасын бұзушыны анықтады. Жалпы іс- шараны жүргізу бойынша полиция қызметкерлері «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын бұзған 433 шетел азаматы мен 170 Қазақстан азаматын әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Нәтижесінде шетелдік азаматтарды жұмыс күшіне тарту ережелерін бұзған 35 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Көші-қон саласындағы заңнаманы бұза отырып, Қазақстан Республикасында жүрген шетелдікті тұрғын үймен қамтамасыз еткені үшін – 135 Қазақстан азаматы және сот шешімімен 65 шетел азаматы елден шығарылды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту» бойынша 1 қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ ауыр қылмыс жасағаны үшін Өзбекстан Республикасының құзырлы органдарымен іздеуде жүрген 1 шетел азаматы қолға түсті.

Көші-қон заңнамасын бұзушыларды анықтау және Түркістан облысының аумағында заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу мақсатында ағымдағы жылдың 2-8 қазан аралығында «Заңсыз келуші 2023» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.

Мәселен, «Заңсыз келуші» іс-шарасы кезінде Сауран аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметкерлері алғашқы тәулікте уәкілетті органның рұқсатынсыз еңбек қызметін жүзеге асыратын 8 Өзбекстан азаматын анықтады. Белгілі болғандай, шетелдіктер Сауран ауданының құрылыс жұмыстарымен айналысқан.

Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі бойынша «шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының Халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды. Жиналған материалдар заңды іс жүргізу шешімін қабылдау үшін сотқа жіберілді. Өз кезегінде тәртіп сақшылары азаматтарға көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Көші-қон саласындағы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.