Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті қайтыс болған адамның атында болған көліктің салығын төлеу тәртібін түсіндірді.
Бұл туралы комитеттің ресми сайты хабарлады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің байланыс орталығына күн сайын жүздеген қоңырау түседі. Салықшылар барлық сұраққа жан-жақты жауап беріп отырады. Осы жолы «Апта сауалы» айдарындағы ең жиі қойылған сұраққа жауап жарияланды.
Сұрақ: Мен автокөлікті өз атыма аударайын дегенмін, бұрынғы иесі қайтыс болған. Бірақ көлік салығы бойынша берешектері бар болып шықты. Көлік салығы бойынша қарызы мен өсімпұлды кім және қалай төлеуі керек?
Заң бойынша, салық берешегін мұрагер мұрагерлік мүліктің құны шегінде және оны алған күнгі мұрадағы үлеске сәйкес төлейді.
Жеке тұлға қайтыс болған күні немесе оны соттың шешімі негізінде қайтыс болды деп жарияланған күні пайда болған салық берешегі төленеді. Бұл жағдайда өсімпұлды есептеу жеке тұлғаның қайтыс болған күніне дейін жүргізіледі, — дейді салықшылар.