Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

БҚО-да облыстық «JAIYQ JASTARY» фестивалі өтеді

Фото: БҚО әкімдігі
2023 жылғы 11-12 тамыз күндері Оралда Батыс Қазақстан облысының жастарына арналған «JAIYQ JASTARY» фестивалі өтеді. Бұл туралы БҚО ӨКҚ алаңында өткен брифиңде қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиев мәлім етті.

14-35 жас аралығындағы жастар арасында 13 аталым бойынша өтетін фестиваль командалық сайыс түрінде ұйымдастырылатын болады. Фестиваль облыс әкімдігінің  қолдауымен, облыстық, қалалық және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтары, «AMANAT» партиясының жанындағы «Жастар рухы» ЖҚ БҚОФ, «Шабыт» шығармашылық бастамалар орталығының ұйымдастыруымен өтеді.

Жастар фестивалінің ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша фестивальге келесі номинациялар ұсынылды  және Орал қаласында ұйымдастыруға жауапты аудандар бекітілді:

  • Тоғызқұмалақ: Бөрлі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы.
  • Үстел тенисі: Бөкей ордасы аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы.
  • Қазақ күресі: Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы.
  • Киберспорт: Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы.
  • Садақ ату: Казталов аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы.
  • Шағын футбол: Ақжайық аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы.
  • Волейбол: Шыңғырлау аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы.
  • Үздік ақын: Жәнібек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы.
  • Эстрадалық ән (заманауи және патриоттық) бағытында өнер көрсету: Тасқала аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы
  • Хореография (заманауи және патриоттық) бағытында өнер көрсету: Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы.
  • Сурет салу өнері: Теректі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы.
  • Дәстүрлі ән бағытында өнер көрсету: Қаратөбе аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы.
  • Үздік аспапта орындау: Жаңақала аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы.

Фестиваль биыл алғаш рет ұйымдастырылады. Оған қатысуға облыс бойынша 5 мыңға жуық жастар өтініш білдірді. Фестиваль талаптарына сәйкес қала және аудан, ауыл көлемінде іріктеу алдағы 10 күн бойы жүргізіледі.  Ақтық сынға жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 13 команда (Орал қаласы және аудан жастарынан құралған) жастары жолдама алады.

Фестивальдегі ерекшеліктер: өңір жастары арасында ұлттық құндылықтар дәріптеледі. Атап айтсақ спорт бойынша: «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ», «Садақ атудан» сайыс, өнер бағытында: «Ұлттық би», «Дәстүрлі ән», «Үздік ақын», «Үздік аспапта орындау шебері» аталымында сайыс өтеді. «Үздік дәстүрлі ән» аталымында қатысушы домбырамен Батыс өңірінің  композиторларынан ән немесе терме орындауы тиіс. «Үздік ақын»  аталымында қатысушы Батыс Қазақстан облысының тәуелсіздік жылдарындағы жастарының жеткен жетістіктерін жырға арқау етуі тиіс, «Үздік суретші» аталымында жастар шаһардың көрікті келбетін қылқаламмен қағаз бетіне түсіріп, облыс тұрғындары мен қонақтарына арналған сурет көрмесін ұйымдастырады.

Жекелей және топтық бағыттар бойынша және жалпыкомандалық есепте жүлдегер атанған жастарға демеушілердің қолдауымен тағайындалған қаржылай сыйақы беріледі.

Фестивальге қатысатын үміткерлер және ұйымдастыру алқасының қатарында болуға ниетті жастар мен волонтерлар облыстық, қалалық және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтарына жолығуларына болады.

Exit mobile version