Мемлекет басшысы елорданың бүгіні мен болашағы туралы айтты.
Астана жаңару мен жаңғыруға жол ашты. Бүгінде Астана жан-жақты әрі қарқынды дамып жатыр. Елордамыздың халықаралық беделі артып жатыр. Астана ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атанды. Бас қаламызда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, ЭКСПО халықаралық көрмесі өтті. Қазір Астана – дінаралық диалог пен рухани дипломатияның ордасы. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі соның айқын көрінісі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Астананың бауырлас қалалар форумында.
Мемлекет басшысы баяндағандай, елорда төрінде түрлі конфессия өкілдері бас қосты.
Астанаға Рим папасы арнайы келгенін білесіздер. Кезінде аса мәртебелі ІІ Иоанн Павел қонақ болды. Былтыр аса қадірлі Франциск келді. Олар Қазақстанның әлемдік руханиятты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Біздің игі бастамаларымызға қолдау білдірді. Бұл – біз үшін зор мәртебе, — дейді президент.