Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі БҚО-ның әлеуетімен танысты

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев екі күндік жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болды.

Еліміздің батыс аймағына жасалған жұмыс сапары аясында ведомство басшысы ең алдымен облыстың көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жоспарымен танысты. Министрге Орал қаласының әуежайын дамыту бағдарламасы таныстырылды. 2023 жылдың 3 айында әуе айлағы 28 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсеткен. Бүгінгі таңда ішкі авиарейстер 5 бағыт бойынша орындалса, ал халықаралық авиарейстер Орал–Франкфурт, Орал–Шарм-эль-Шейх бағыттары бойынша жүзеге асырылады.

Сонымен қатар министр 2012 жылы негізі қаланған Орал трансформатор зауытының жұмысымен танысты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорынның өндіріс көлемі 14,7 млрд теңгені құраған, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 1,4 есе көп. Бүгінгі таңда өндіріс ошағында 250 адам жұмыспен қамтылған. Аталған трансформатор зауыты қосалқы станциялық электр жабдықтарына арналған жеке өндірісінің болуымен әрі электр энергетикалық жобаларды іске асыру бойынша тауарлар мен қызметтердің толық спектрін ұсынуымен ерекшеленеді. Зауытта жасап шығарылатын өнімдердің өзіндік артықшылықтары да бар. Олардың қатарында, тауарлардың әлемдік стандарттар мен нормаларға сәйкес келуі, трансформаторлардың жоғары сапасы мен қолжетімді және бәсекеге қабілетті бағасын ерекше атап өтуге болады. Компания экспортқа бағытталған электр жабдықтарының кең желісін өндіреді.

Фото: БҚО әкімдігі

Марат Қарабаев Батыс Қазақстан жұмыс сапарында жергілікті халықпен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Облыстық қоғамдық кеңестің өкілдері өңірдегі автожолдардың жөнделуіне байланысты сауалдарын жолдады. Оның ішінде Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарындағы жолдың сапасы жергілікті халықты толғандырып отырған негізгі мәселелердің қатарында. Өз кезегінде ИИДМ басшысы бұл бағытта Үкімет тарапынан барлық қажетті жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Тек бұл тұста жергілікті атқарушы органдар және қоғамдық ұйымдар бірлесіп, мердігерлердің жұмысын бақылауды күшейту керек.

Былтыр Батыс Қазақстандағы жолдардың құрылысына 42 млрд теңге бөлінді. Мұндай сома ешқашан бөлінген жоқ. Биыл бұл қаражат 50%-ға ұлғайтылды. Яғни, Үкімет қажетті көлемдегі ақшаны бөліп отыр. Ал енді жергілікті атқарушы органдар біздің министрлікпен бірлесіп, оның орындалу барысын қадағалауға тиіс. Сондықтан автожол жобаларының тиімді және уақтылы іске асырылуын бірге бақылайық, — деді М.Қарабаев. Сондай-ақ министр «Өнеге-Бейсен-Сайқын» учаскесі мен Жәнібек-Қазталов бағытындағы тас жолдың жөнделуіне қаражат бөлінгенін нақтылады.

Сонымен қатар облыс азаматтары әуе қатынастарына байланысты ұшақ тапшылығы мәселесін шешіп беруді өтінді. «Оның үстіне өңіраралық әуе рейстерінің билеттері қымбат» деді тұрғындар.

Баға саясатына тоқталсақ, әуе билеттерін нарық реттейтінін ескерген жөн. Бұл сала мемлекеттік реттеуге жатпайды. Баға бірнеше бөліктен қалыптасады. Оған әуе компания мен әуежайдың шығындары кіреді. Авиабилеттер рейстің санына байланысты реттеледі, — деді ведомство басшысы.

Екі күндік сапар барысында министр өңірдегі бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорынды аралап, Подстепное-Федоровка автожолы құрылысының барысымен де танысты.