Ақорданың ресми сайты мемлекет басшысының қатысуымен өтетін іс-шаралар аңдатпасын жариялады.
2 мамыр күні президент сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтарының істері жөніндегі министр-делегат, Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Оливье Бештті қабылдайды.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр қараша айында Францияға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланады деп жоспарланып отыр.
3 мамырда мемлекет басшысы ФИФА президенті Джанни Инфантиноны қабылдайды.
3-4 мамырда Астанаға Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мемлекеттік сапармен келеді.
Екі ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамда өтетін келіссөздерде Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту перспективаларын талқылайды.
5 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бүкілармиялық кеңес өтеді.
Жиында әскери саланы дамытуға және әскер дайындығына, сонымен қатар Қазақстан армиясын технологиялық тұрғыда жаңғыртуға қатысты мәселелер қарастырылады.