Күнсұлу Закария ҚР президенті жанындағы ҚР ұлттық ғылым академиясының президенті лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысының өкімімен Күнсұлу Дальтонқызы Закария ҚР президенті жанындағы Қазақстан Республикасының ұлттық ғылым академиясының президенті лауазымына тағайындалды, — делінген хабарламада.
Күнсұлу Закария әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі, Ресей жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі, СOVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in (QazVac) қазақстандық вакцинасын әзірлеуге қатысқан.
«Биоқауіпсіздік және биотехнология» ғылыми журналының бас редакторы. 200-ден астам ғылыми жарияланымның, сегіз ғылыми-әдістемелік құралдың, бес монографияның, 29 өнертабысқа берілетін патенттің, оның ішінде екі халықаралық патенттің, профилактикалық және диагностикалық препараттар өндірісі бойынша жеті нормативтік-техникалық құжаттың авторы.
2022 жылғы 22 тамызда «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ бас директорының лауазымына тағайындалды. Оған дейін ҚР ДСМ «Биологиялық қауіпсіздік проблемасын ғылыми-зерттеу институты» РМК бас директоры қызметін атқарды.