Мемлекет басшысы үкіметтің стратегиялық бағдарды жүзеге асыра отырып, мән беруге тиіс мәселелер туралы айтты. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Бірінші. Тұрақты экономикалық өсімнің жылына кем дегенде 4% болуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан экономиканың даму үлгісін түбегейлі өзгертуіміз керек. Ол үшін әртараптандыру жұмысын жүйелі жүргізіп, нарық қағидаларын нығайту маңызды. Түпкі мақсатымыз – жоғары технологияға негізделген, өзін-өзі толық қамтамасыз ететін және бәсекеге қабілетті экономика құру.
Екінші. Инфляцияны тежеу қажет. Биыл оны кемінде екі есеге төмендету керек. Ең алдымен, азық-түлік бағасын реттеу аса маңызды. Сол себепті агроөнеркәсіп кешенін және сауда-саттықты дамыту – негізгі басымдықтың бірі. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен барынша қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру керек.
Үшінші. Инфрақұрылымды дамыту қажет. Энергетика, су және көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануға тиіс. Энергетикалық активтерді жаңғыртуға жақын арада жаңа инвестиция тарту керек. Бұл жұмысты «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы іске асыруға болады.
Төртінші. Аймақтың өзіне тән мүмкіндігін толық пайдалану қажет. Аумақтық саясат жан-жақты ойластырылып жүргізілуге тиіс. Аймақтар қуатты болса, бүкіл мемлекет өсіп-өркендейді. Сондықтан еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы оңтайлы әрі тиімді болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Былтыр жаңадан Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылғанын білесіздер. Бұл қадам осы аймақтарды тың қарқынмен дамытуға жол ашты. Біз аймақтар арасындағы экономикалық теңсіздікті азайту үшін тиімді шаралар қабылдауымыз керек. Осы ретте үкімет әкімдермен бірлесіп, әрбір облыстың әлеуетін арттыруға тиіс.
Бесінші. Адами капиталдың сапасын дәйекті және жүйелі түрде арттыру қажет. «Жайлы мектеп» жобасын тиімді іске асыру және ЖОО базасында академиялық артықшылық орталықтарын құруды жалғастыру керек. Отандық ғылымның кешенді дамуын өзім бақылаймын. Сонымен қатар денсаулық сақтауды сапалы жаңа деңгейге шығару қажет. Ол үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру керек.
Алтыншы. Мемлекеттік аппараттың жұмысын қайта қарап, оны жаңғырту қажет. Әйтпесе көздеген мақсатымызға жету қиынға соғады. Үкімет әкімшілік реформаны жалғастырып, бюрократияны барынша азайтуы керек. Мемлекеттік органдардың тапсырманы уақтылы әрі сапалы орындағаны жеткіліксіз. Экономиканың өсіретін тың бастамалар көтеріп, жаңа идеялар ұсынып отыру керек. Министрлер мен әкімдердің қызметін бағалаған кезде олардың осы бағыттағы жұмысы басты назарда болады. Сонымен қоса қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыру – өте маңызды міндет.