Басты бет Жаңалықтар «Ауыл» партиясы мен «Байтақ» партиясы мәлімдеме жасады

«Ауыл» партиясы мен «Байтақ» партиясы мәлімдеме жасады

"Ауыл" партиясы мен "Байтақ" партиясы 2022 жылғы 19 наурызда өтетін парламент мәжілісі және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға қатысты мәлімдеме жасады.

Фото: Аuyl.kz

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев мәлімдемесінде былай деді:

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы өз қатарында тек ауыл шаруашылығы қызметкерлерін ғана емес, жалпы ауылға жанашыр азаматтардың көпшілігін біріктіреді. Біздің қатарымызда аграрлы сектор, білім және медицина, әлеуметтік сала қызметкерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бар. Қазақстандықтардың жартысына жуығы ауылда тұрады.

Ауылды, ауылды аумақтарды дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету біздің мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі болып есептеледі. Бұл — біздің партияның бастапқы және өзгермейтін саяси бағыты. Сондықтан «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы парламенттің төменгі палатасы мен мәслихаттарға сайлау өткізуді құптайды.

Біз Қазақстанда партиялық өрістің кеңейгені мен саяси күштер арасындағы бәсекелестіктің дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл бізді қорқытпайды, керісінше, ынталандырады. Себебі біздің саяси платформамыз бар. «Ауыл» партиясының ауыл және ауылды аумақтарды дамыту концепциясына қосатын өзінің ұсыныстары бар.

Сондықтан біз жаңа сайлау циклінде адал және ашық күреске дайынбыз.

«Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясы төрағасы Азаматхан Әміртай былай деді:

«Байтақ» Мәжіліске барады!
Сонымен былтыр күзден бері ел арасында айтылып жүрген жайт ақиқатқа айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы шешімімен парламенттің мәжілісі және барлық мәслихат жұмысын тоқтатты. Олар тарады. Кезектен тыс Мәжіліс һәм мәслихат сайлауы алдағы наурыздың 19-шы жұлдызына белгіленді. Дұрыс. Бұл да бір Жаңа Қазақстан құру жолындағы саяси реформаның бір тармағы. Жаңа Қазақстанға жаңа депутаттармен, жаңа пар т иялардың саясатқа араласуымен барған жөн. Дұрыс қадам! Алдағы сайлау бұрынғылардан өзгерек. Қазіргі жағдайға байланысты алдағы сайлау аралас партиялық-мажоритарлық жүйе бойынша өтпек. Қазақстан халық ассамблеясы мәжіліске депутаттар ұсынбайды. Сайлау додасына елімізде тіркелген жеті партия бар: «Аманат», «Ақ жол», Қазақстан халық п-сы, Жалпыұлттық социал-демократиялық п-сы, «Ауыл», «Байтақ» және «Respublica». Осы орайда біз байтақтықтарда осы аламан бәсекеде өз бағымызды сынап, парламентке өтуге тырыспақпыз. Рас, елімізде экология мәселесі ақсап жатыр. Жағдай сын көтермейді. Сондықтан түйіні мол экология мәселелерін парламент мінберіннен көтермек ойдамыз.

Exit mobile version