Басты бет Жаңалықтар Былтыр елімізде сусындар мен темекі көп өндірілді

Былтыр елімізде сусындар мен темекі көп өндірілді

Былтыр елімізде сусындар, темекі және мұнай өңдеу өнімдері, негізгі асыл және түсті металдар өндірісі артты. Бұл туралы ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Фото: Baribar.kz

Өнеркәсіп өндірісінің индексі 2022 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында 101,1% болды.

2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда өнеркәсіп өнімі 48 007 миллиард теңгеге өндірілді, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында – 24 644 миллиард теңге (жалпы көлемнен 51,3%), өңдеу өнеркәсібінде – 20 697 миллиард теңге (43,1%).

Тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазуда өнеркәсіп өндірісінің индексі 99% құрады. Бұл шикі мұнай (98,1%), табиғи газ (99%) бен темір кені (79,4%) өндірісінің азаюына байланысты болды.

Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс 3,4% ұлғайды. Сусындар (111,2%), темекі өнімдері (107,9%), мұнай өңдеу өнімдері (101,8%), химия өнеркәсібінің өнімдері (110,2%), резеңке және пластмасса бұйымдары (102,1%), негізгі асыл және түсті металдар (105,5%), автокөлік құралдарының (119,1%) өндірісі артты.

Өндіріс көлемінің өсуі республиканың 13 өңірінде тіркелді, айтарлықтай өсім Ақмола (13,4%), Жамбыл (10,2%), Абай (9,7%) облыстарында және Алматы қаласында (9,6%) байқалды.

Төмендеу Түркістан (6,3%), Қостанай (5,5%), Атырау (2,1%), Қызылорда (1,8%) Батыс Қазақстан (1%) және Павлодар (0,5%) облыстарында байқалды.

Exit mobile version