Басты бет Жаңалықтар Президент шахматшы Динара Сәдуақасованы құттықтады

Президент шахматшы Динара Сәдуақасованы құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өтіп жатқан шахматтан әлем чемпионатында рапид бойынша күміс медаль иеленген Динара Сәдуақасованы құттықтады.

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Мемлекет басшысы Қазақстан шахматшыларының әлем чемпионатындағы жетістіктері еліміз үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтті.

Оның айтуынша, спортшыларымыздың халықаралық турнирлердегі әрбір жеңісі осы спорт түрімен айналысатын жастарды қанаттандырады және бұл Қазақстан шахмат мектебінің деңгейі жоғары екенін көрсетеді.

Президент дарынды шахматшыға талмай еңбек етіп, жеңістен жеңіске жете беруіне тілектестік білдірді.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Алматыда өтіп жатқан осы әлемдік сайыста жоғары нәтиже көрсеткен Жансая Әбдімәлікке де ізгі тілегін жолдады.

Еске салсақ, Алматыда шахматтан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Динара Сәдуақасова рапидтен күміс жүлдегер атанды.

Exit mobile version