Басты бетЖаңалықтарDalacinema киностудиясы...

Dalacinema киностудиясы «Үміт сәулесі» қысқа метражды фильмінің түсірілімін аяқтады

Үміт сәулесі – өмірде болған оқиға негізінде жазылған қысқа метражды фильм.

Фильмнің басты кейіпкері Ерғали орта жастағы көзі көрмейтін мүгедек жігіт. Ол отбасын асырау үшін күні-түні базар жағалап, жүк тасуға мәжбүр. Бір күні жүк тасып жүрген Ерғалиді, базарға сауда жасауға келген күрестен жаттықтырушы Жандос байқап қалады. Ерғалидің көзі көрмейтінін білгеннен соң, оны жаттығуға шақырады. Ерғалиді оның ұсынысы қызықтырмайды. Тек жақындарының үгіттеуінен кейін, барып көруге бел байлайды. Ерғалиға күрестің әдістерін үйрену қиынға соғады.

Сонымен қатар жаттығу Ерғалидың жұмысына да кедергі болады. Осы қиындықтарды өту жолындағы басты кейіпкердің табандылығы арқылы көрерменге үміт үзбеу керектігі жөнінде ой салады.

Бұл фильм шынайы оқиға негізінде құралғандықтан басты кейіпкердің ерлігін көрерменге барынша әсерлі етіп көрсету маңызды. Сондықтан түсірілім негізінде «живая камера» тәсілі қолданылады. Бұл көрерменді болып жатқан оқиғаның шынайылығына сендіріп, сюжетке тартып алып кетеді деген сенімдеміз. Сонымен қатар бұл фильмде крупный план, детальдар көп болады. Бұл тәсіл қолдануымыздың себебі кейіпкердің көзі көрмеуіне байланысты, кеңістікті қысып бергіміз келеді, — дейді фильм режиссері Думан Еркінбек.

Түсірілім алаңынан фотосуреттер
Фото: Құндақбай Айдын

Фильмде басты кейіпкерді сомдау Назар Шерханға бұйырыпты. Назарды рөлге бекітуге бірден-бір себеп кейіпкердің прототипіне сыртқы келбетінің қатты ұқсастығы дейді түсірілім тобы. Фильмде сонымен бірге Ерғалидің прототипі де эпизодтық рөлді сомдаған.

Ал фильмнің бас продюсері Жалын Тілеубергеннің айтуынша «Фильмнің мақсаты – көрерменге мотивация беру арқылы жаңа биіктерді бағындыруға итермелеу, сонымен қатар бұқаралық спортты дамытуға үлес қосу.

Біз бұл фильм арқылы күйбең тіршіліктің күрмеуінен шыға алмай жүрген жандарға үміт сыйлағымыз келеді, — дейді бас продюсер.