Басты бетЖаңалықтарҚазақ-қырғыз арасындағы...

Қазақ-қырғыз арасындағы тауар айналымы 17% өсті

Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа ілтипат білдіріп, Астанада өтетін маңызды жиынға қатысу үшін арнайы келгеніне ризашылығын білдірді.

Сіздің бұл сапарыңыз маңызды. Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі ілгерілету мақсатымен екі жақты кездесу өткізіп отырмыз. Мемлекеттеріміздің арасында ешқандай түйткіл жоқ. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында осы жетістіктеріміз еселеніп, екіжақты серіктестігіміз қарқынды дами береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Садыр Жапаров бүгінгі маңызды кездесуге шақырғаны үшін Қазақстан президентіне алғыс айтты.

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық кеңес президентінің бірінші кездесуіне қатысу үшін Астанаға келгеніме қуаныштымын. Біз қырғыз-қазақ қарым-қатынасын жоғары бағалаймыз. Осы сәтті пайдалана отырып, мемлекеттеріміздің арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтаймын, – деді Садыр Жапаров.

Мемлекеттер басшылары екі ел үкіметтерінің сауда саласында бірлесе атқарып жатқан жұмыстарының оң нәтижелерін жоғары бағалады. Екі ел арасындағы тауар айналымы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 17,7% өскен. Екіжақты сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін жеткізу мақсаты жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар тараптар қазақ-қырғыз қатынастарының көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық аспектілерін талқылады.